"Әрбірінің орташа қарызы - 10 миллион теңге". Қазақстанда құмар ойынға салынған 350 мың адам бар

Қазақстанда 326 лотоклуб қызметіне тосқауыл қойылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz басылымына сілтеме жасап.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда құмар ойындарына салынған шамамен 350 мың адам бар. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 миллион теңге болады. Ақша тігіп, тоқтай алмаудың салдары елде ерлі-зайыптылардың ажырасуына, құмар ойынға құныққандардың өзіне-өзі қол жұмсауына әкеп соғып жатыр.

13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн казинолардың ірі желісін жойды.

"Жедел әзірлеме орбитасында криминалитет өкілдері де болды, олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал етіп, қамқорлық көрсеткен, сондай-ақ, лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыстар жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интим қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану деректері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден аса адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды", - деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілді. 23 атыс және травматикалық қару, 247 миллион теңге, 55 миллион Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ, басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Нәтижесінде елде барлығы 326 лото клуб қызметінің жолы кесілді. Шетелден онлайн казино тарататын серверлер анықталып, бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды. Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растады.

"Соталды тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 миллион теңге болатыны анықталды, сәйкесінше еліміздің барлық өңірінен шамамен 6 миллиард теңге болған. Бұл ретте ақшаның шамамен 70 пайызы шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банк шотына ай сайын шамамен 900 миллион теңге түсіп отырған", - деді Қуандық Алпыс.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!