Шымкенттегі мектептің спортзалында оқушы қайтыс болды: медбике оқиға туралы айтты

Шымкенттегі мектептің спортзалында оқушы қайтыс болды: медбике оқиға туралы айтты
Фото: Тұрар Қазанғапов

Шымкентте сабақ үстінде оқушы көз жұмды. 8-сынып оқушысы жедел жәрдем қызметі жеткенше жан тапсырып үлгерген. Білім басқармасындағылардың мәліметінше, оқушының жүрегі тоқтап қалған. Балаға алғашқы көмек көрсеткен медбике пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқиға Шымкенттегі №48 мектепте болды. 8 "А" сынып оқушылары дене шынықтыру сабағында екі топқа бөлініп, футбол ойнағалы жатқан. Марқұм Азамат қақпаның жанында тұрған. Сол сәтте бірден есінен танып, сұлқ түскенін айтады.

Алғашқы медициналық көмек көрсеткен медбике Гүлжамал Розиева сол кездегі баланың жағдайын айтты. 

"Азамат спортзалда жерде жатқан еді. Бірден нашатырь иіскеттім. Бізде қалыпты жағдай. Нашатыр иіскетсеңіз, талып қалған баламыз бірден өзіне келеді... Ал Азаматта мүлдем реакция болған жоқ. Кейін иіскеген жоқ. Содан кейін мақтаны алып, кәдімгідей сулап, мұрына жақтым. Ол кезде сәл қимылдағандай болды... Қуанып өзіміздің массаждарымызды істедік... дене шынықтыру ағайлар аяқ-қолын уқалап жатты...Жедел жәрдем демде жетіп келді", - дейді медбике. 

Білім басқармасы баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 8-сынып оқушысының жүрегі тоқтап қалған. Қазір сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Құзырлы органдар тарапынан қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Шымкенттегі мектептің спортзалында оқушы қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Оқиға 11 қаңтар күні №48 жалпы орта мектебінде 11.00-де дене шынықтыру сабағы кезінде болған. 2010 жылы туған 8 сынып оқушысы есінен танып құлаған. 

Кейін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі пікір білдірді. 

"Менің көз алдымда құлады, құлап бара жатып көзі аларып кетті. Бастаңа ештеңе жоқ. Артында Жанболат деген сыныптасы тұрған. Жүгіріп барып сұрадым, дәрігер шақырыңдар дедім. Келді, олар өз әрекетін жасады. Мен аяғына массаж жасадым. Жүрегі ісіп кеткен дейді. Ағасы бізге сөйтіп айтты, кеше барып хабарын алдық қой, бұрыннан осындай ма еді деп...", - деді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Байсейітов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек