"Сенің өліп қалғаның жақсы болды...". Омар Жәлел жазушы досына жантебірентерлік жазба арнады

"Сенің өліп қалғаның жақсы болды...".  Омар Жәлел жазушы досына жантебірентерлік жазба арнады
Фото: Әлеуметтік желіден

Абайтанушы Омар Жәлел жазушы Ғалымбек Елубай жайлы жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, досы Алтайдың әңгімесін бізге мұра етіп тастап кеткен.


"Сенің өліп қалғаның жақсы болды, Ғалымбек. Таза кеттің. Әйтпесе әлдебіреулер құсап атақ сұрап, ақша сұрап қадірің кетер еді. Өзің айтпақшы - тәлейіңе бір-ақ кітап жазылған екен. Не істейсің, енді, амал бар ма? Жазушы не ерте, не кеш өлмейді, өзінің көтерер жүгін, арқалаған міндетін түгескенде ұша барады деген сөз бар ғой. Сенің де бұл пәнидегі сапарың аяқталған екен. Кітабыңды бас алмай оқып жатқаныма екі күн болды. Басында менсінбей: не өзі, очерк жазған ба деп қоңылтақсығаным рас. Кейін бұл пікірімнің жаңсақ екеніне көзім жетті. Қарапайым боп көрінген оймақтай әңгімелердің астарында зілдей мағына жатыр екен ғой. Сен бір әңгімеңде жазушы болып туу керек депсің. Сен өзің жазушы боп туған екенсің, Ғалымбек. Мен Алтайды аңсап бір көрсем бе деп жүр едім. Сөйтсем Алтай Қазақстанға баяғыда келіп алған екен. Сені көруім үшін сені жоғалтуым керек екен. Өзің айта беретін Оралхан Алтайдың бергі жағында, сен арғы жағында ғұмыр кешіпсіңдер. Сендерге Алтайдың өкпесі жоқ шығар. Енді арғы беттегі Алтайдан жазушы туа ма, тумай ма - дәркүмән. Рақмет саған, Ғалымбек. Жоғалып бара жатқан Алтайдың әңгімесін бізге жеткізіп кеттің. Алтайдағы соңғы қазақ мектебінің түлегі, - деді ол.

Еске салайық, 8 қаңтарда жазушы Ғалымбек Елубай 40-қа қараған шағында қайтыс болған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы