Қазақстандықтар енді Ұлыбританияда да заңды түрде жұмыс істей алады

Қазақстандықтар енді Ұлыбританияда да заңды түрде жұмыс істей алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі елшілігінің экономика және климаттық өзгерістер жөніндегі бірінші хатшысы Селена МакГиннеспен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан азаматтарының Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыстағы жұмыс істеуіне қатысты мәселелер талқыланды.

Ертаев Қазақстан тарапынан шетелдегі еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау туралы келісім жобасын жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

"Келісім жобасы біздің азаматтардың Ұлыбританиядағы еңбек қызметін реттеуге бағытталған және қазақстандық жұмысшылардың тең еңбек жағдайлары мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ заңсыз көші-қонды болдырмайды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алуы мүмкін екенін жазған едік.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз