"Аноним түрде анализ тапсыра аласыздар". Журналист бельгиялықтар асырап қазақ баласы туралы мәлімдеме жасады

"Аноним түрде анализ тапсыра аласыздар". Журналист бельгиялықтар асырап қазақ баласы туралы мәлімдеме жасады
Фото: әлеуметтік желіден

Бельгиялық әйел асырап алған қазақ баласы Эдди Жан біраз уақыт бұрын туған анасын іздеп, Қазақстанға келді. Оған дүниеге келгенде Жәнібек деген есім берілген екен. Жәнібектің анасын іздеу нәтижесі сәтсіз болып, виза мерзімі аяқталуына байланысты ол Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды. Танымал тележүргізуші Қымбат Досжан оның оқиғасына қатысты тағы бір деректі айтып, 2001-2003 жылдары Арқалықта босанған әйелдерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистің сөзінше, бүгін анализ тапсырған болжамды ана - Мақпал.

"Мына ақпаратқа назар аударыңыздар, құрметті келіншектер (ер-азаматтар) егер сіз 2001-2003 жылдары Арқалық қаласының перзентханасында босанып, қолхат жазып, баладан бас тартып немесе қашып кеткен болсаңыз, анонимді түрде анализ тапсыра аласыздар. Ол үшін ешқайда барып керегі жоқ. "Бармысың, бауырым?" хабарының редакторы Әсел Асқарқызына хабарлассаңыз болады. Тел: 8771 321 97 86", - деп жазды журналист.

Еске салайық, бұған дейін бельгиялық әйел асырап алған қазақтың баласы анасын іздейтіні хабарланды. Бұл туралы журналист Олжас Беркінбаев әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Кейін "Бармысың, бауырым?" және "Көреміз" редакциялары Жәнібекке анасын іздеуге көмектесті. Бірнеше әйел ДНҚ сынамасын тапсырды, алайда бірде-бір нәтиже оң шықпады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова