"Адам тағдырын өзгерте алады". Нумеролог өмірде бір санның жиі кездесуі нені білдіретінін түсіндірді

"Адам тағдырын өзгерте алады". Нумеролог өмірде бір санның жиі кездесуі нені білдіретінін түсіндірді
Фото: Құралай Бақыт / Жеке архив

Соңғы жылдары болашаққа болжамды сандарға қарап жасайтын нумерология ілімі танымалдылыққа ие. Ал сіз өміріңізде белгілі бір сандардың жиі кездесетінін байқап па едіңіз? Мұндай құбылыс ненің белгісі болуы мүмкін? Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне қазақстандық нумеролог-талдаушы Құралай Бақыт әңгімелеп берді.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта нумерологияға сенетін адам саны көбейген. Жыл басынан бері болашағына болжам жасату үшін сарапшы алдына біршама адам келіпті.

"Жыл басынан бері, яғни екі аптаның ішінде 30 жуық адамға жылдың қандай болатынына болжам жасадым. Ол адамның бәрінің ойы бір. "Жылды қалай өткіземін? Жылдың берері қандай? Не істесем сәтті жыл болмақ? Кәсіппен айналыссам ұтам ба немесе биыл тәуекел етуге болмай ма?" деген сұрақтар қояды. Кейбір адам өзі үшін сәтсіз жылы кәсіп ашып, қарызға батып жатады, міне осындай тәуекелдің алдын алу үшін олар нумеролог кеңесін алуға келеді", - деді ол.

Сарапшы кеңес алуға келетіндердің 90 пайызы болашағына болжам жасататынын жеткізді, ал қалған бөлігі балалы болу, эко тақырыбына қатысты. Нумерологқа тіпті жасөспірімдер де келетін көрінеді, олар шамамен 9 сыныпқа өткенде болашағы жайлы ойлай бастап, қандай мамандық таңдаса дұрыс болатынын жиі сұрайды. 

Сонымен қатар, Құралай Бақыт нумерология мен сандық психология арасында үлкен байланыс бар екенін айтты.

"Негізі сандық психология мен нумерология дегеніміз бір сала. Нумерологияның ағымы өте көп, ал сол ағымның ішіне сандық психология кіреді. Мысалы, нумерологияның ведикалық, классикалық, Батыс, Қытай, Тибет секілді түрі көп. Ал сандық психология осы ведикалық нумерологиямен 99 пайызға сәйкес келеді. Себебі, екеуінде де туған күн санына қарап болашақты болжауға болады", - дейді маман.

Күнделікті өмірінде белгілі бір сандарды жиі кездестіретінін байқайтын адамдар да бар. Нумеролог сөзінше, мұндай көріністі жақсылықтың белгісі деп қабылдауға болады.

"Америкалық жазушы, психолог Дорин Верченің "Ангелская нумерология" кітабында белгілі бір сандардың жиі кездесуі періштелер белгісі екені жазылған. Кітап бойынша, періштелер сағаттың бірдей саны түскен кезде бізді оған қаратады екен. Бұл арқылы олар белгілі бір мәселені шешудің басқа жолы бар екенін айтқысы келуі мүмкін. 

Сонымен, адам сағат тіліндегі бірдей сандарды бірнеше рет немесе жиі көруі оның жақсы ағында, арман-мақсат, тілектердің орындалуына қолайлы уақытта екенінің белгісі деп түсінуге негіз бар. Сіз тура ағындасыз және тағдырыңызды өзгерте аласыз деген сөз", - деп түсіндірді ол.  

Қазір көпшіліктің сөз таластыруына себеп болатын тақырыптың бірі "адамның тағдыры қандай болатыны өз қолында" деген түсінік десек қателеспейміз. Бұған да нумерологтың жеке пікірі бар.

"Адам өмірінің қандай болатыны маңдайында жазылып қойған, бірақ тұлғаның іс-әрекетіне қарай тағдыр өзгереді, әрине 100 пайыз емес, бірақ белгілі бір бөлігі өзгереді", - дейді Құралай Бақыт.

Маман өмірінде маңызды шешім қабылдар алдында нумерологқа міндетті түрде баратын адам санының көбеюін елдегі демократиямен байланыстырды.

"Соңғы кездері өмірінде маңызды шешім қабылдар алдында нумерологқа міндетті түрде баратын адам саны көбейіп жатыр. Өйткені елде демократия, халықта таңдау бар. Қазір нумерология трендте, осыған байланысты алдамдар өзін дамытқысы келеді" 

Құралай Бақыттың бір кеңесін алу 25 мың теңге тұрады. Кеңес құны ересек адам, бала, онлайн-оффлайн форматта, клиенттің бірінші рет немесе тұрақты келуіне қарай өзгеріп отырады. Егер кеңесті жасөспірім немесе бала атынан алатын болса, болашаққа болжам жасап, денсаулық, мінез-құлық, қабілет, мамандығы туралы айтылады. Ал ересек адам болса, мінез-құлық, жеке сәтті сандары мен түстері, денсаулығы, неге мән беру керегі, қалай жақсы болатыны, энергетикасы, кәсібі, 5 жылға болжам және ағымдағы жылдың береріне қатысты сөз қозғалады.

"Мен қандаймын?" дәл осы сұрақ маман тәжірибесінде ең көп кездеседі екен.

"Адамдар қоятын сұрақтың ең көп кездесетіні "мен қандаймын?" Яғни, олар әлі өзін толық тани алмаған, өмірдегі орнын таппаған. Нумерология осы сынды сұрақтарға жауап бере алатындықтан трендте. Адамның даму жолында дұрыс бағыт-бағдар көрсетеді және адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Тіпті, кейбір компаниялар қызметкерді жұмысқа санына қарап қабылдайды", - деп қорытындылады ол.

Айта кетейік, бұған дейін нумеролог қарызға қанша сома беруге болмайтынын айтқан еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Антибиотикті қанша күн ішу керек?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә