Қазақстан жол апаты бойынша Орталық Азияда көшбасшы екені рас па?

Қазақстан жол апаты бойынша Орталық Азияда көшбасшы екені рас па?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Желтоқсанның аяғында Сенатор Бибігүл Жексенбай жол апаты басты мәселе екенін айтып, жыл сайын екі мыңға жуық адамның қаза болатынын мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, 2023 жылы қаңтар-қазан айында 11 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, Орталық Азия елдері арасында ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Осы және өзге де деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Елімізде жыл сайын жол апатынан екі мыңға жуық қазақстандық ажал құшып отыр. Оның ішінде кейінгі бес жылда 1,1 мыңнан аса жасөспірім қаза болған", - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай. 

Qamqor.gov.kz мәліметіне сай, 2015-2023 жылдар аралығында жол апатынан ең кемі 2 мың адам қаза болған, оның ішінде кейінгі бес жылда 1074 кәмелетке толмаған жасөспірім қайтыс болды.

"2023 жылдың 10 айында 11 618 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл - Орталық Азия елдері бойынша ең жоғарғы көрсеткіш", - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай. 

Qamqor.gov.kz дерегіне сай, 2023 жылдың 10 айында расымен де 11 618 жол апаты тіркелген. Апат салдарынан 14 456 адам жарақат алса, 1942 адам қаза тапқан.

Неге бұл техникалық қате? Орталық Азия елдері бойынша көбінде дерек әлі жаңармаған. Мысалы Қырғызстанда статистика тоқсан сайын жаңарады (3 айда бір рет), ең кейінгі дерек бойынша алғашқы 9 айда 4880 жол апаты тіркеліп, 489 адам қаза болған. Өзбекстанда 7 айда 4772 жол апаты (1115 адам қаза тапты) тіркелсе, Тәжікстанда 6 айда 492 жол-көлік оқиғасы (193-і қаза болған) тіркелген. Ал Түркіменстандағы жол апаты туралы мүлде дерек жоқ. Азаттық радиосының хабарлауынша, Түркіменстан ІІМ және ондағы ведомствалар елдегі жол апаты туралы жұртшылыққа есеп бермейді, ал статистика сайтында деректер жарияланбайды.

"Жол апатына қатысты тағы бір фактор, біздің жан басына шаққандағы жол-көлік оқиғаларының саны әлем бойынша орташа болып отыр", - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай. 

Дүниежүзілік банктің ақпаратына сай, расымен де Қазақстан жол-көлік оқиғаларының саны әрі өлім-жітім бойынша орташа деңгейді. Дегенмен Дүниежүзілік банк қандай да бір рейтиң жасаумен айналыспайды, біз бұрын да бұл туралы жаздық. Ал ДДСҰ-ның дерегі бойынша, жыл сайын әлемде1,19 миллионға жуық адам қаза табады, 20-50 миллион адам жарақат салдарынан мүгедектікке шалдығады.

"Мамандардың есебіне қарағанда кез-келген елде кептелістен зардап шегетін - көлік жүргізушілері. Олар жылына жол кептелістеріне 360 сағат немесе 45 жұмыс күнге дейін құртады екен", - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай. 

INRIX-тің 2022 жылғы есебі бойынша, Лондон қаласы көлік жүргізушілері жылына 156 сағат кептелісте тұрады. Ал Tomtom-ның ең кейінгі дерегіне сай, дәл сол Лондон қаласы алғашқы орында, олар жылына 148 сағат кептелісте тұрады. Дегенмен бұл екі зерттеуде де Қазақстанның қалалары жоқ. Депутат Бибігүл Жексенбай "360 сағат немесе 45 күн" деген деректі қайдан алғаны белгісіз, оның үстіне нақтытылық жоқ. Сондай-ақ әлемнің әр қаласында кептеліс уақыты әртүрлі екенін ұмытпаған жөн.

Бұған дейін де біз "Қазақстандықтар жолда 34 минутын өткізеді" деген материалды тексердік. Ақпарат дерегінің күмәнді екенін айтып, Numbeo ресурсынының әркімге қолжетімді бола беретінін әрі методологиясындағы қателіктерді жазған едік. Толығырақ төменнен оқи аласыздар.

"Қазақстандық автокөліктердің 82,1 пайызы бензинмен жүреді", - деді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай. 

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, ең кейінгі дерек (2023, 1 қараша) бойынша Қазақстанда 5 216 101 автокөлік тіркелген, оның 4 284 835-і немесе 82,15 пайызы бензинмен жүреді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек