"Басынғандары ма?" Алматыда Президент шыршасында жетім қызға қолданылған Ipad берілген

"Басынғандары ма?" Алматыда Президент шыршасында жетім қызға қолданылған Ipad берілген
Фото: видеодан алынған кадр

Алматыда ата-анасынан айырылған қызға Президент шыршасында қолданылған iPad сыйланған. Бұл туралы заңгер, қоғам белсендісі Сәуле Бикитеева жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, Алматы қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы әжесімен бірге шыршаға барған. Ал олар кейін үйге келгенде, мерекелік кеште сыйға берілген айпад қолданылған, сырылған, құпиясөзі қойылған екенін білген.

"Жетім мен жесірді ренжітуге болмайды! Жетім қызды Алматы қаласы №129 мектептен Президент шыршасына әжесі апарған болатын. Сыйлық ретінде Айпад берген. Үйіне келіп ашқанда, парольмен, сырылған, қолданылған болады. Содан көне болса да мейлі, бірақ паролін білмегесін, қолдана алмайды. "Он күн мектепке бардым, паролін ашып беріңіздерші деп, соңында жаңасын берді. Жетім болғасын, басынғандары ма? Бірақ жақтырмай, міндетсініп, кемсітіп берді" деп әжесі жылап ренжігенін айтты. Мектеп инженеріне рахмет, паролін ашпаған, иманы бар екен, қолына да ұстамаған, "өздерің шешіңдер" деп. Масқара! Үкіметтен болсын, демеушілер болсын, тек жаңа сыйлық береді. Сөзім жоқ, өзім жылап алдым. Сонда жаңасын кімге бермекші болды? Кішкентай жетім балапаннан кешірім сұрасын!" - деп жазды Сәуле Бикитеева.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сауле Бикитеева (@saulebikiteeva)

Желі қолданушылары бұл жайтқа түрлі пікір жазып жатыр.

"Неше түрлі жағдайлар болады екен, таңғалмаймыз, бірақ құйтырқы әрекеттер өте көп білім саласында", "Сұмдық", "Бүкіл елге жария қылғаныңыз жақсы болды, ел білсін кімнің қандай екенін", - дейді олар.

Мәселеге қатысты Жетісу аудандық білім бөлімі өкілі жауап берді.

"Ipad-та ақау анықталғаннан кейін мектеп директоры бірден "Billionaires" ЖК тауар жеткізушілеріне жүгінді. Оларға тауардың жағдайы туралы айтылды. Жеткізушінің айтуынша, бұл Ipad Технодомда "iCloud"-ы орнатылған күйде сатып алынған. Бұл қызметті орнату ақылы. Жеткізуші өз есебінен орнатты. 2024 жылғы 9 қаңтарда қамқоршыға ашылмаған (жаңа - еск.) Ipad берілді", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова