Ресейден Қазақстанның солтүстігіне газ тарту қажет - депутат

Ресейден Қазақстанның солтүстігіне газ тарту қажет - депутат
Фото: ©️ Tengrinews.kz

Сенатор Әсем Рахметова Ресейдің Омбы және Түмен облыстарынан еліміздің солтүстік өңірлеріне газ тарту керек деген бастама көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

"Табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында әлі өзекті. Сенат депутаттары өңірге сапары кезінде тұрғындар, бизнес қауымдастық өкілдері өзге мәселелерден бұрын газ мәселесін ерекше көтерді. Себебі бұл облыстардың халқы өмір сапасына қалай әсер ететінін Ресейдің Қостанайға шекаралас, ондаған жылдан бері газы бар Түмен, Омбы, Қорған облыстары тұрғындарының тұрмысынан көріп отыр. Өзгелер көгілдір отынның қызығын көріп жатқанда6 көрші отырып, көмір тасыған ауыл тұрғынының тілегін жеткізіп отырмыз", - деді Әсем Рахметова.

Депутат 2023-2030 жылдарға арналған елімізді газдандырудың бас кестесі бойынша солтүстік өңірлерге газ тек 2026 жылдан бастап берілуі мүмкін екенін айтты.

"Энергетика министрлігінің Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарын газдандыру жөніндегі жұмысты бастау жоспары 2026 жылдан басталады. Алайда бұл жұмыс Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралінің екінші желісі салынып біткеннен кейін басталады. Газды Астанадан Көкшетау қаласына кейін Петропавлға жеткізу көзделген", - деді сенатор.

Ол солтүстік өңірлерге газ тартудың балама жолы бар екенін жеткізді.

"Мысалы, Ресей Федерацияcы Түмен облысы Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырын салу. Ишим қаласы Петропавл қаласынан 156 шақырым жерде орналасқан. Бір кездері осы жобаның бүкіл экономикалық-техникалық сараптамалары мен алдын ала есебі жүргізілген болатын. Омбы қаласынан Петропавлға газ жеткізу нұсқасын да қарастыруға болады. Бірақ бұл жағдайда газ құбырының ұзындығы 286 шақырым болады", - деді Әсем Рахметова.

Оның пікірінше, РФ-дан газды Петропавлға жеткізу Сарыарқа магистральді газ құбырына қосылуға да мүмкіндік береді.

"Әлихан Асханұлы, сізден Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың нақты мерзімін белгілеуді сұраймын. Ресей Федерациясы Түмен облысы Ишим қаласында қосылу нүктесі бар магистральді газ құбырына қосылу бұл өңірлерді газбен қамтамасыз етудің баламалы нұсқа ретінде қарастырылып отыр ма?" - деп сұрады сенатор.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz