"Тарихты жаңылыс білу - үлкен қасірет". Дархан Қыдырәлі тарих оқулығын қайта жазуды ұсынды

"Тарихты жаңылыс білу - үлкен қасірет". Дархан Қыдырәлі тарих оқулығын қайта жазуды ұсынды
Фото: Tengrinews.kz

Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі мектептегі тарих оқулығын қайта жазуды, университеттегі Қазақстан тарихы пәнін біріздендіруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолданды.

Сенатор биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толатынын, бұл қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік екенін айтты.

"Әсіресе, Жошы ұлысын зерттеу институтына көп жауапкершілік жүктелетіні анық. Бұған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысына қатысты зерттеулер жүргізді, экспедициялар ұйымдастырды. Кітаптар шығарып, ЮНЕСКО-да арнайы жиын өткізді. Әрине, ұлт тарихын білмеу - қасірет. Алайда одан өткен үлкен қасірет бар. Ол - тарихты жаңылыс білу. Ұлттық санаға тарихи сана негіз болады десек, бұрмаланған түсініктен қате таным қалыптасады. Сондықтан тарихты дұрыс жазу және оқыту - тарихты жасаумен бірдей өзекті", - деді Дархан Қыдырәлі.

Оның пікірінше, қазір мектептегі Қазақстан тарихы оқулығын қайта жазуды маңызды.

"Биыл аяқталатын Қазақстан тарихының көптомдығы Жошы ұлысына қатысты тың деректерді ұсынады деп үміттенеміз. Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуға тиіс.

Сонымен қатар, оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы соңғы деректер енгізу керек. Мәселен, тарихи Талас құрылтайы өткен, Жетісу мен Сыр арасында құрылған Моғолстан мемлекетіне 6-7-сыныпқа арналған оқулықта бір параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде, Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарындағы мамандықтарға Қазақ тарихы пәні енгізілгені құптарлық. Осы пәнді методологиялық бірізділікке келтіріп, мемлекеттігімізді бастауларына басымдық берілгені жөн", - деді сенатор.

Депутат жоғарыда бұл мәселеге қатысты премьер-министрге ұсыныс жасады.

"Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды", - деді Дархан Қыдырәлі.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz