Сенатор Нұртөре Жүсіп қазақстандықтардың мәдениеті төмендеп кеткеніне алаңдады

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп қазақстандықтардың мәдениеті төмендеп кеткенін айтып, мәселеге Үкіметтің араласуын сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

"Қазақта "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді" деген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның жеміс-жидегіне таласқан жұртты көріп, жағамызды ұстаған едік. Дәл Жаңа жылдың алдында шоколад шыршасын бір минутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық пабликтерде мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сонда біздің мәдени деңгейіміздің жеткен жері осы ма? Мұндай масқара оқиғалардың себебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін десеңіз, аш емес, тоқ дейін десеңіз, тобырлық деңгей мынау. Бүгінгідей тоқшылық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыратындай күйге неге түстік?", - деді Нұртөре Жүсіп Сенаттың жалпы отырысында.

Депутатың пікірінше, бұған мәдениеттің төмендеп кетуі себеп.

"Ең алдымен тәрбие. Еліміздегі тәрбие мәселесі дұрыс емес. Отбасындағы тәрбие далада қалды. "Біреудің затын алма, тегін болса да тиіспе" деген ежелгі тыйым қайда кетті? Халқымыздың "ұят болады, жаман болады, обал болады" деген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген даналығы желге ұшқаны ма? Қазақта көргенсіз деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көйлектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге болады, ал ұлттың атына кір келсе, оны қалай кетіреміз?

Тәрбиемен қатар мәдениет дұрыс болуға тиіс. Абайша айтсақ, мәдениетсіз дүние бос. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет мәдени деңгейімізді көтеруге, таным түсінігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмысты жүргізді. "Мәдени мұра" бағдарламасымен басталып, "Рухани жаңғыру" бағдарламасына дейін жалғасқан жұмыстардың барлығының да түпкі мақсаты елдік санамызды оятып, тарихи жадымызды қайта қалпына келтіруді көздеді. Мұның бәрі дұрыс, елдің дамуы үшін қажет шаралар. Бірақ сонымен іс бітті деп отырамыз ба?", - деді сенатор.

Нұртөре Жүсіп Қазақстан халқына ортақ құндылықтар керек деген пікірде.

"Әділетті Қазақстанның құндылықтары қандай? Қоғам үшін қандай құндылықтар керек? Айталық, Тәуелсіздік құндылық. Отбасы құндылық. Жер, тіл, салт-дәстүр, мәдениет құндылық. Президент "Толық адам, адал азамат" деген идеяларды ұсынды. Бұл да құндылық. Осының бәрін кім жүйелейді?

Айтылған сөз айтылған жерде қалмауы керек қой. 20 млн қазақ еліне ортақ осындай құндылықтар жүйесі қашан жасалады? Жас ұрпақ тәрбиесімен мәдени деңгейімізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөлмесек болмайды. Жабайылық анайылыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе жастардың құндылық бағдарларын тереңдетіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-білімге бет бұруға, әсіресе, отбасы тәрбиесі мен мәдение тәрбиеге барынша күш салу керек деп пайымдаймын", - деді депутат.

Сөз соңында ол мәселеге Үкіметтің араласуын сұрады.

"Әлихан Асханұлы, аталған мәселеге қатысты Үкіметтің тұжырымдамалық ұсыныстарын жан-жақты пысықтап, жедел әзірлеуге тапсырыс беруіңізді сұраймын", - деді Нұртөре Жүсіп.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз