Эквадордағы террористік әрекеттер: елде қанша қазақстандық бар?

Эквадордағы террористік әрекеттер: елде қанша қазақстандық бар?
Фото: Видео кадры

Эквадорда ел ішінде дүрбелең болып жатыр. СІМ мәліметінше, онда бірнеше қазақстандық бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Massaget.kz тілшісіне Эквадорда қанша қазақстандық барын айтты. 

"Қазір Эквадорда тұрақты негізде тұратын 7 ҚР азаматы бар, барлығы консулдық есепте. Олардан басқа бұл елге турист ретінде барған 3 адамнан тұратын қазақстандық отбасы бар.

Консул олардың барлығымен хабарласып, тікелей байланыс орнатты, сондай-ақ, қауіпсіздік шаралары туралы тиісті нұсқаулық берді. Зардап шеккендер арасында ҚР азаматтары жоқ", - делінген жауапта. 

Сондай-ақ, Эквадор мемлекет басшысы елде ішкі қарулы қақтығыс болып жатқанын мойындау туралы жарлық шығарды. Ал бұл жарлыққа сәйкес барлық қылмыстық топ лаңкестік ұйымдар секілді қабылданады.

Еске салайық, бұған дейін Эквадорда ел ішінде дүрбелең болып жатқаны хабарланған еді. Шабуылдаушылар полицейлер мен түрме қызметкерлерін өлім жазасына кескен. 

Елдегі қарулы қақтығыс "Лос Чонерос" тобының жетекшісі, Фито есімді лақапаты бар Адольфо Масияс Вильямар түрмеден қашқаннан кейін басталды. Алдымен қарақшылар жергілікті телеарнаның қызметкерлеріне шабуыл жасады. Бұл жайт видеоға түсіп қалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек