"Басы ауырып, көзінен жас аққан". Көпқабатты үйдің тұрғындары жаппай уланып қалды

"Басы ауырып, көзінен жас аққан". Көпқабатты үйдің тұрғындары жаппай уланып қалды
Фото: astana.tv

Ақтөбеде көпқабатты үй тұрғындары жаппай уланып қалды. Қолқаны қапқан өткір иістен жұрттың көзінен жас парлап, жөтеліп, бастары ауырып, әбігерге түсіпті. Тіпті екі адамды жедел жәрдем қызметі ауруханаға алып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі astana.tv арнасына сілтеме жасап.

Алтын орда ауданындағы көпқабатты үйде тұрғындар өз пәтерлерінде хлордың иісінен тұншығып отыра алмаған. Қолқа қабатын иіс көзден жас парлатып, қатты жөтел туғызған. Тұрғындар кезекпен жедел жәрдем шақырыпты.

"Мұны "Баянсұлу" тұрғын үй кешенінің адамдары істеген. Бірақ халыққа ескертпеген. Соның кесірінен кеше екі адамды "Жедел жәрдеммен" алып кетті. Бүгін таңертең келіп көршілердің қызын алып кеткен", - деді қала тұрғыны Руслан Көшенов.

Тұрғындар жаппай иіске шыдамай далаға шығып, туыстарының үйіне қонуға кетіпті. Кеше кешке осы мекен жайдан екі адам "хлормен улану" диагнозымен ауруханаға түскен. Дәрігерлер хлордың шамадан тыс болуы адам денсаулығына зиян екенін айтып отыр.

"Хлормен улану жағдайында бірінші клиникасында көзден жас ағуы, тамақ қышуы, жөтел пайда болады. Дозасы көп болып кетсе, онда бұл өте қауіпті жағдай болады. Қауіптілігі бұл кісілердің өкпе қабынуы соған жету мүмкіншілігі бар. Ол енді оған реанимациялық көмек керек болады", - деді облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов.

Белгілі болғандай кеше тұрғын үйдің кәріз жүйесі бітеліп қалып, алдын күні жер төлені тазартқан. Кейін түгел хлор сеуіп тастаған екен. Осы жағдайдан кейін тұрғындар қала әкімінің қабылдауына жазылып, жаңа үйдің олқылықтарын реттеуді сұрап отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Жайыққызы