"Ұл болмағаны үшін ұратын". Қырғызстандыққа тұрмысқа шыққан алматылық әйел 8 жылдан бері қыздарын көрмеген

"Ұл болмағаны үшін ұратын". Қырғызстандыққа тұрмысқа шыққан алматылық әйел 8 жылдан бері қыздарын көрмеген
Фото: Видеодан алынған кадр

Әйгерім Әлменова 2009 жылы қырғыз жігітке тұрмысқа шыққан. Ағайындас елдің азаматынан 3 сәби сүйген Әйгерім күйеуінен зәбір көрген соң, 8 жыл бұрын кенже қызын алып Қазақстанға қайтуға мәжбүр болады. Ал екі қызының құжаттарын экс-енесі бермей қойған көрінеді! Ол екі қызын 8 жылдан бері көрмегенін айтып "Көреміз" бағдарламасына жүгінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әйгерім Әлменова 21 жасымда Қырғызстан азаматына екінші рет тұрмысқа шыққан.

"Бірінші некемнен Арайлым есімді қызым бар. Ол 16-да. Алматыда базарда сауда жасап жүріп, қырғыз азаматы Сауытбекпен танысып, екінші рет некелестім. Сөйтіп, Алматыда тұрдық. Арамызда үш қыз бар. Минура, Диана, Жансезім. Қазір Жансезім менің қолымда. Қырғызстанға көшіп барған соң ата-енемнің қолында тұрдық. Күйеуім Мәскеуге жұмыс істеуге кетіп, 3-6 айда ғана келіп тұрды. Маған суып қалды, сосын мәселе басталды. Күйеуім ата-енемнің көзінше арақ ішіп, ұратын. Негізгі себеп достарының бәрінде ұл бар, "неге ұл жоқ" деп ашуланатын.  Біз бірге тұрып жүргенде 1-2 қызды "бұзып" қойды. Сотталып кете жаздаған жерінен қайын атам құтқарып алды", - деді ол.

Ол қыздарына хабарласқысы келгенімен, енесі телефондарын тартып алған.

"Ажырасқанымызға алты жыл өтті. Бұл қайын атама қатты әсер етті. Бір ай ішіп, содан кейін қайтыс болып кетті.  Қыздарыммен бір-екі рет сөйлестім. Оны ол жақтағылар біліп қойып, телефондарын тартып алды. Үлкен қызым маған келемін деп әкесіне ұсталып қалған. Жалпы қыздарымды қолыма алғым келеді", - деді ол.

Экс-енесінің айтуынша, келіні кеткеннен кейін бірде-бір рет хабарласпаған.

"Бірінші келгенде немерелерім мені "ана" деп жүрді. Бір аптадан соң "апа" деп көніп кетті. Менімен жатып, менімен тұрады. 20 күннен кейін қызды алып қашып кетті. Сол күйі немеремді тапқан жоқпыз. Балам іздеді, бірақ таппады. Кеткелі бері келінім бір хабарласпады. Қыздар "анам қайда кетті" деп сұрап жүрді. "Ертең келеді" деп айтатынмын", - деді енесі Сағын Сұранбаева.

Қыздардың бірі 8-сыныпта, бірі 9-сыныпта оқиды. Олар анасын көргісі келмейтінін айтты.

"Анамның түрін көргім келмейді. Оған ренжідім. Бізді тастап кетті. Ренішімді ұмыта алмаймын. Бір іздеп хабарласқан емес. Хабарлама жазса болады ғой. Несиелері бар деп естідім. Барғанда не істейміз? Танымайтын адаммен неге құшақтасамын? Баққан апамды ғана қарағым келеді. Бала тапқан ананыкі емес, баққан адамдыкі. Ол тағы бір еркекке тұрмысқа шықса, тағы да жетім болып қаламыз ба деп қорқамыз", - деді қыздары Минура мен Диана.

Бағдарлама соңында ұжым ана мен қызды қауыштыратынын айтты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы