Балаға мұрынға арналған тамшыларды қалай қолдануға болмайды?

Балаға мұрынға арналған тамшыларды қалай қолдануға болмайды?
Фото: ru.freepik.com

Мұрынға арналған тамыр тарылтқыш тамшылар – балалардағы жедел ринитті емдеу кезінде жиі қолданылатын дәрілік құрал. Балаларға мұрынға арналған тамшыларды қалай қолдануға болмайды?

Оны қолдану жиілігін арттырмаңыз

Әдетте дәрігерлер мұрынға арналған тамыр тарылтқыш тамшыны күніне 2-3 рет тамызуды ұсынады. Дәрігер жазып берген ұсынысты дәлме-дәл істеңіз. Баланың тыныс алуын жеңілдетемін деп оны тамыза беруге болмайды. Мұндай дәріні жиі қолдану бас айналу, тер бөліну, дене температурасының айтарлықтай түсуі, бас ауруы, артериялық гипертензия, құрысу немесе кома секілді салдарларға әкелуі мүмкін. Кішкентай балалар ересектерге қарағанда уытты әсерге сезімтал келеді.

Оны ұзақ қолдану

Әдетте, дәрігер мұндай тамшыларды 3-5 күн қолдануды ұсынады. Оны қаншалықты аз уақыт қолдансаңыз, соншалықты жақсы. Оны үнемі қолдану тәуелділікке әкеледі. Ол кезде бұл дәріні тоқтатсаңыз, баланың мұрны бітеліп, иіс сезу қабілеті нашарлайды.

Ересектерге арналған тамшыны қолдану

Мұндай дәрілік тамшыларды бала жасына қарай қолдану маңызды. Мұрынға арналған тамшыларда адам жасына сай дәрі концентрациясы болады. Әдетте кішкентай балаларға 0,025%-дық түрлерін жазып береді. Дәріханаға барып келетін уақыт немесе мүмкіндік жоқ деп оның үйде бар түрін қолдана салуға болмайды. Балаға оның тек балаларға арналған түрін және оны дәрігер кеңесімен ғана қолданған жөн.

Оқи отырыңыз: Тұмау тиген баланы серуендеуге шығаруға бола ма?

А. Жапатова