Талдықорғанда зейнеткер мен ұлын өлтірген күдікті ұсталды: ол кінәсін бірден мойындаған

Талдықорғанда полиция қызметкерлері екі адамды өлтірді деген күдікпен 43 жастағы ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның кейінгі бірнеше күнде көпқабатты үйлердің бірінің жертөлесінде тығылып жүргені белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті қалалық полиция бөліміне жеткізілді.

"Күдікті бұрын сотталған Алматы облысының тумасы болып шықты. Ұсталған адам қазірдің өзінде кінәсін толығымен мойындап отыр", - деп хабарлады полиция.

Жетісу облысының полициясы қарт әйел мен оның 52 жастағы ұлын өлтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, олардың мәйіті 5 қаңтарда Талдықорғандағы жер үйлердің бірінен табылған, зорлық-зомбылық белгілері болған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 43 жастағы ер адамның қылмысқа қатысы барын анықтады. Оның жеке басын анықтауға қылмыс орнында қажетті дәлелдер мен іздерді жинаған криминалистер көмектесті.

Талдықорған полициясы мен облыстық департаментінің қызметкерлері күдіктіні іздеуге және ұстауға кірісті. Күдіктіге қатысты ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, барлық полиция бөлімшелеріне, сонымен қатар жан-жаққа жіберілген.

Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша жүргізіліп жатыр. Ұсталған ер адам қамауға алынды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!