Астанадағы мектептердің бірінде тарақан өріп жүр: видео

Астанадағы мектептердің бірінде тарақан өріп жүр: видео
Фото: видеодан алынған кадр

Астанадағы мектептердің бірінің киім ауыстыратын бөлмесінде тарақан өріп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде №73 мектеп-лицейде жәндіктердің қаптап кеткені түсірілген видео тарады. Видеода қыздардың ашуланып, айғайлағанын естуге болады. Бұл туралы Астананың білім басқармасы да растады. Мектептегі киім ауыстыратын бөлмені тарақан басып кеткен екен.

Видеоны мына жерден көруге болады. Мұны сезімтал адамдардың қарамағаны жөн.

"Астананың білім басқармасы 2024 жылғы 12 қаңтарда білім беру мекемесінде, соның ішінде жертөлелерді толық дезинфекциялау жұмыстары жоспарланғанын хабарлайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сабақтан кейінгі кешкі уақытта дезинфекция жұмыстары жүргізілетінін ескертеміз. Қазіргі уақытта жәндіктер табылған киім ауыстыратын бөлме басқа жерге ауыстырылды", - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Білім басқармасы сонымен бірге №73 мектеп-лицейде ай сайын жалпы санитарлық дезинфекция жүргізілетінін хабарлады. Мектеп ғимаратына кейінгі рет дезинфекция жұмыстары 2023 жылғы 15 желтоқсанда жүргізілген екен.

Астананың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл мектепте жүргізіліп жатқан тексерулер туралы қандай да бір мәлімет бермеді. Департамент тарақандардың қайдан пайда болғаны туралы нұсқалардың бірін айтты.

"Біз тарақандардың балалардың заттары мен сөмкелерімен бірге келуі мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан