Тараз әуежайында 15 жастағы қыз ұсталды

Тараз әуежайында 15 жастағы қыз ұсталды
Фото: Tengrinews.kz

Әуе кемесінің бортында темекі шеккен кәмелетке толмаған жолаушы қыздың заңды өкіліне айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Көліктегі полиция департаметіне сілтеме жасап.

Scat әуекомпаниясының "Атырау-Тараз" бағытындағы рейсі ұшып жеткеннен кейін Тараз әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері акт бойынша құқық бұзушыны түсіріп алды.

Тексеру барысында көлік полицейлері Атыраудың 15 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ұшу кезінде ұшақ салонында электрон темекі шеккен.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған жолаушымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Сақшылар оған темекі шегудің, алкоголь ішімдік ішудің және басқа да қауіпті психотроптық заттардың денсаулыққа зиян екені туралы айтты. Сондай-ақ ұшақ бортында қауіпсіздік ережелерін сақтау керегін түсіндірді.

Бұған қоса, қыздың заңды өкіліне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабының 1-бөлігімен, яғни кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 10 АЕК (36 920 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан