Атырауда кәріз жүйесінен күшік өлі табылды

Атырауда кәріз жүйесінен күшік өлі табылды
Фото: atpress.kz

Атырауда өткен демалыс күндері тазалық кезінде кәріз жүйесінен өлі күшік пен кілем, басқа да заттар шығарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі AtyrauPress-ке сілтеме жасап. 

"Атырау облысы су арнасы" мекемесіне қарасты Кәріз насостық стансасының бастығы Жеңіс Кісімовтің айтуынша, қалада күніне кем дегенде 20 шақырту түседі. 

"Адамдардың көбі үйден шыққан тұрмыстық қоқысты тиісті жерге апармай, кәріз құдығына тастап кетеді. Бұл жолы күшік, кілем мен күртеше және басқа да заттарды шығарып алдық. Ал унитазға жеке гигиеналық заттарды тастап, тамақ қалдықтарын төгетіндер бар. Тіпті қазан түбінде қалған майды да унитазға төгетін болсаңыз, ол мына суық күнде қатып қалады да құбырдың бітелуіне әкеп соғады. Біле білсеңіздер, дәрет қағазын да тастауға болмайды. Дүкендерде суға түскенде еріп кететін түрлері сатылады. Бірақ ол қымбат болғандықтан, халық ала бермейді", - дейді Жеңіс Кісімов.

AtyrauPress

Жұмысшылардың айтуынша, кәріз жүйелері жиі бітеледі. Бұл қала тұрғындарының дренаждық желілерді дұрыс пайдаланбауынан туындап отыр екен.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова