"Қошақаным" әнін әлемдік классиктердің стилінде орындаған виртуоз-пианист көпшілікті таңғалдырды

Фото: видеодан алынған кадр

Халықаралық конкурстардың лауреаты, әлемді мойындатқан виртуоз-пианист Алияр Өтетілеу Абай әндерін әлемдік классикамен синтездейді. Ерекше талант иесі "Таңшолпан" бағдарламасында кәсіби музыкаға қалай келгенін әңгімелеп, тіпті бүкіл бала жатқа білетін "Қошақаным" әнін классикалық музыкамен ұштастырып орындап шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алияр Өтетілеу музыка әлеміне бала кезінен жақын екенін, оған анасы мен әпкесінің әсері болғанын айтады. 

"Кішкентайымнан музыкалық қабілетім бірден білінді. Шамамен 4-5 жасымда үйімізде фортепиано тұратын. Өйткені анам - бастапқы музыкалық білім алған адам. Ал оның туған сіңілісі, менің әпкем - консерваторияны тәмамдаған музыкант. Алғашқы қадамым осы кісілердің арқасында болды. Әрине, әрі қарай жалғастыруға тура келді. 1997 жылы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепке түстім. 12 жыл оқып шықтым. Ұстазым - Әлия Ысқаққызы. Содан кейін консерваторияда доцент Ботакөз Бағдатқызының класында бітірдім. Одан кейін магистратурасы бар. Шамамен алғанда 20 жылға жуықтап қалды", - дейді Алияр Өтетілеу.

Бағдарлама барысында Алияр Өтетілеу импровизация жасап, ұлы композиторлар Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Амадей Моцарт, Фридерик Шопен, Сергей Васильевич Рахманиновтың стилінде "Қошақаным" әнін орындап берді.

Айта кетейік, Алияр Өтетілеу - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында "ансамбль өнері" кафедрасының оқытушысы. Ол Қазақстанда, шетелде өткен жарыстарда жүлделі орындар алған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова