"Қызым есейгенде бұл ерекше оқиғаны айтамыз". Ақтөбе бағытындағы пойызда әйел босанып қалды

Фото: ҚТЖ

Ақтөбе бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір тұрғыны Айнагүл Тілеубергенова №33 "Алматы-Ақтөбе" бағытындағы пойызбен Тоғыз станциясынан Ақтөбе қаласына дейін жолға шыққан. Кейін толғағы басталған әйелге көмек көрсету мақсатында пойыз бригадасының қызметкерлері дереу қажет шараларды қабылдап, нұсқаулыққа сәйкес пойыз машинисін хабардар етіп, жедел жәрдемді жақын маңдағы Жем станциясына шақырыпты.

Жедел жәрдем келгенге дейін пойыздың жолсерігі Ғалия Қабдрахманова вагонда босанған әйелге қажет көмекті көрсетті. Сағат 14:27 минутта сәби дүниеге келген.

Жем станциясына келгеннен кейін нәресте мен анасын жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.

"Баламның өмірі үшін қатты қорықтым. Алайда пойыз қызметкерлері маған осындай жағдайда көмек көрсетіп, жанымнан кетпей, аман-есен босануыма септігін тигізді. Бұл күн біздің отбасымыз үшін естен кетпес сәттердің біріне айналды. Енді қызым есейген кезде бұл ерекше оқиғаны айтамыз", - деді жас ана Айнагүл Тілеубергенова.

Ата-анасы дүние есігін ашқан нәрестенің есімін Малика деп қойған. Ал видеода вагондағы жолаушылар бұл жаңалыққа шын жүректен қуанғаны көрінеді.

Айта кетейік, жолсеріктердің көмегімен кейінгі 3 жылда "Жолаушылар тасымалы" АҚ пойыздарында 11-ге жуық сәби дүниеге келді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова