"Аузы қанға толып кеткен". БҚО-да болған қайғылы жағдайдың мән-жайы айтылды

"Аузы қанға толып кеткен". БҚО-да болған қайғылы жағдайдың мән-жайы айтылды
Фото: "Мой ГОРОД"

Батыс Қазақстан облысы Ветелки ауылында ойын қайғылы оқиғаға ұласты. Кәмелетке толмаған жүргізуші қыз баланы ескі капотқа отырғызып, көлігімен сүйреген. Қайғылы оқиғаның мән-жайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" сайтына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға 5 қаңтарда сағат 23.41-де болған. Сол күні ауруханаға 17 жастағы колледж студенті түскен. Ол есін жимастан қайтыс болған. Ол Оралдағы колледждің үшінші курс студенті. Кураторы Ляззат Есенова оқушысы қаза тапқаны туралы хабарды 6 қаңтарда таңертең білген. Марқұм Аяулым "бастауыш сынып ағылшын тілі мұғалімі" мамандығында білім алып жүрген.

"Ата-анасының сөзінше, Аяулым сол күні сұранып, құрбыларымен қыдырып кеткен. Бастапқыда ата-анасы жібергісі келмеген, артынша жарты сағатқа шығып келуге рұқсат берген. Олар екі жігіт, екі қыз болып қыдырып кеткен. Ата-анасының сөзінше, достарының бірі көлікке капотты жалғап, сырғанамақ болған. Осылайша шана жасаған. Бәрі секіріп үлгерген, Аяулым ортасында қалып, шығып үлгермеген. Ол тірекке соқтығысып, аузы қанға толып кеткен. Балалар қатты қорқып кеткен. Такси ұстап, ауруханаға апара жатқан жолда қайтыс болған", - дейді Ляззат Есенова. 

Оның сөзінше, Аяулым грантта білім алған. Үлгерімі жақсы болған. Байсалды, көңілді жүретін қыз болған екен. 

"Өте қайғылы жағдай. Анасы үшін құрбысы секілді еді. Үйінің жалғыз қызы еді", - дейді педагог.  

Еске салайық, полиция қызметкерлері қыз баланы ескі капотқа отырып, көліктің артында келе жатқанын анықтаған болатын. Сырғанау кезінде ол газ тірегіне соғылған. Қазіргі уақытта екі көлік анықталып, Орал қаласының полиция басқармасына жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина