"Баланың қадірін ұғындырып берді". Танымал актер ұлды болды

"Баланың қадірін ұғындырып берді". Танымал актер ұлды болды
Фото: әлеуметтік желі

Танымал актер Мейірғат Амангелдин ұлды болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл қуанышты жаңалықты өнер иесінің жұбайы, әріптестері әлеуметтік желіде жазып жатыр.

"Сүйінші! 04.01.24 өмірге ұлымыз келді. Ғұмырлы ет, денін сау ет, саналы ет, жаратқан", - деп жазды актердің жұбайы.

Актер тарихи фильмдерге де түскен еді. Соған орай ұлына Қасымхан деген есімді таңдаған.

"Мейірғаттың кинодағы алғашқы рөлі "Қазақ хандығы" филімінен бастау алғанын көбіңіз білесіздер ғой.. Сол кезде ұлым болса "Қасымхан" қоямын деген ниеті болған. Сол ниеттің қабыл болған бақытты сәті бүгін! Алла сағындырып, арман етіп, баланың қадірін ұғындырып берген ұлымыз - Қасымхан Мейірғатұлы. Үйіне аман-есен келді", - деп жазды актердің жұбайы Арайлым Амангелдина.

Ал баланың кіндік анасы - танымал әнші Қарақат Әбілдина.

"Кіндік ана" статусы өте жауапты дүние. Бұл сыртынан сайлап қоятын өкіл әке-шеше емес. Дүниеге келген сәбидің көзін ашып көретін бірінші адам. Кіндігін кесіп, өзінің бар жақсы қасиетін, энергиясын кіндігімен бойына сіңдірсін деген қазақтың қасиетті бір ырымы. Ал мен ұлымның өмірге құштар, қандай сынақ болмасын атып тұрып алға жүретін алғыр, жүрегі мейірімге толы, айналасына шуағын шашып, көмегін беріп, жан-жағын қуантып жүретін, намысты, бір өзі біраз шаруаны дөңгелетіп жүретін пысық жігіт болғанын қалаймын. Өмірі той-думанға, марапат пен шаттыққа, бақ пен дәулетке толы болғанын қалаймын. Бұның барлығы болу үшін адамға иманды жүрек керек. Ұлымда иман байлығы болғанын қалаймын. Осының барлығын жаратқан бір бойына жиған жақсы адам менің Қақатым - ұлымның кіндік анасы", - деп жазды Арайлым Амангелдина.

Оның сөзінше, Қарақат Әбілдина әпкелік көмегін аямай, өзі де бір кезде ұзақ уақыт сәби күткенін айтып, көңіліне демеу болған.

"Балапаным әлі арманымда кезде өзінің өмірінде де осынша жыл күттіріп келген Имашын айтып, сөздерімен мотивация беріп, бұл бақытты күннің өмірде дәл осылай болатынына сенген, мені сендерген адам. Мұсылман үшін "әр намазымда өзіңе салиқалы ұрпақ тілеймін, Арайым" дегеннен артық тілек бар ма? Аяғым ауыр кезде жерік асыңды беріп, сауабыңды алайын деп ресторандарға шақырғаны қандай даналық?! Толғағым басталғанын естіп ұшып келіп, әйел заты үшін ең қиын кезде қасымнан табылғаны, массажын жасап, сүрелерін оқып, баламмен жеңіл қауышуыма көмегін аямағаны… Айтары жоқ... Жылап отырмын әлі де. Шығарған сәтте өзі босанғандай қуанышы, секіріп жүрегі жарылып билеп жүргені, "үйіңе бармаймын, 40 күн сақтан" деп бізді ойлағаны шын жанашырлық емес пе?! Осы ғой адамға керегі", - деп жазды актердің жұбайы.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова