Қаржы пирамидасына қатысты вайнерлер ісі: іздеу жарияланған күдікті Бішкекте ұсталды

Бішкекте қаржы пирамидасын құрғаны үшін іздеуде жүрген қазақстандық ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қырғызстан ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қырғызстанның ІІМ мәліметінше, 2023 жылғы желтоқсанда Бішкектегі бейнебақылау камералары ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы "Қаржы пирамидасын құру және басқару" бойынша Алматы қаласының Медеу аудандық полиция басқармасы іздеу жариялаған Қазақстан азаматы О.А.-ны тіркеді. Бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу таңдалды.

"Қазақстанда 2021 жылғы сәуірде зардап шеккен салымшылар полицияға үш компанияның қызметіне қатысты арыз жазып, оларды қаржы пирамидасы деп айыптады. Бұл компаниялар өздерін инвестиция саласындағы табысты ұйым ретінде көрсетті. Алматының тумасы, бұған дейін ұсталғаны айтылған О.А. қаржы пирамидасын құрды және басқарды деген күдікке ілінді. Осы "жобаның" көшбасшыларын ұстай бастағанда, ол жасырынып үлгерді", - деп жазылған Қырғызстан ІІМ мәліметінде.

Компания салымшылардың бірнеше миллиард теңге сомасындағы қаражатын заңсыз тартқаны айтылады. Ақшаны көбейту мақсатында қаржы пирамидаларының қызметіне танымал блогерлер де тартылды. Сот екі вайнерді қаржы пирамидасындағы қызметі үшін бес жылға бас бостандығынан айырды.

"Бішкекте ұсталған, іздеуде жүрген, Алматының тумасы О. А. қамауға алынды", - деп жазылған Қырғызстан ІІМ хабарламасында.

Еске салайық, 2023 жылғы 23 маусымда Алмалы аудандық соты танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа Mudarabah Capital қаржы пирамидасы туралы іс бойынша үкім шығарды.

Төребаев пен Шерниязов Қылмыстық кодекстің 217-бабы "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бойынша кінәлі деп танылды.

Вайнерлер Төребаев пен Шерниязов қайда екені белгілі болды

Сонымен қатар, Алмалы ауданының соты вайнер Мейіржан Төребаевқа қауіпсіздігі ең төмен колонияда бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мейірхан Шерниязовқа да дәл осындай жаза берілді. Қалған қатысушыларға 8 жылдан 14 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің 1 миллиард 861 миллион 752 мың 441 теңгеден аса сомадағы талабын қанағаттандырды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!