Майқайыңдағы апат: шахта маңына құлап кеткен автобус табылды

Павлодар облысында автобустың шахтаға құлап кетуіне байланысты облыс әкімі Асайн Байханов жерге құлаған адамдар мінген автобусты шығару үшін қандай жұмыстар атқарылатыны туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аймақ басшысы Майқайың кенішінде іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Ол төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары бос жерлерді, металды немесе басқа да ауытқуларды анықтау үшін аумақты геосканерлеу жұмыстарын жүргізіп, автобустың болжамды орнын анықтағанын атап өтті.

"Сканерлеу сағат 15.30-да аяқталды. Нәтижелері өңделіп, шамамен автобустың орналасқан жері анықталды. Оның жоғарғы бөлігіне дейінгі тереңдік шамамен 5-7 метрді құрайды. Сағат 20.00-де штабтың отырысын өткізіп, автобусқа дейін жетуі тиіс шағын экскаваторды шұңқырға түсіру үшін траншея дайындау жұмыстарын және құтқарушылардың әрі қарайғы іс-қимылдарын күшейту туралы шешім қабылданды. Жоғалған адамдарды іздестіру тәулік бойы, бір минутқа да тоқтамай жүргізілуде. Іздестіру жұмыстарына барлығы 136 адам, 41 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 бірлік дрон жұмылдырылды", - деп жазды ол.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01.25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!