16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынуы мүмкін

16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салынуы мүмкін
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ сайтына сілтеме жасап. 

Билік осылайша жас жеткіншектерді ғаламтордағы зиянды контенттен қорғағысы келеді. Үкімет бұған дейін Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң қабылдап, оны бұзған компанияларға ірі көлемде айыппұл салуды ұйғарғаны белгілі. Балаларға зиянды контент көрсеткені үшін платформалар табысының 10 пайызын төлеуге міндеттелді. Бірақ бұл аздық етеді деп шешкен билік енді 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қоймақ.

"Қазір осы мәселе бойынша ақылдасып жатырмыз. Болашақта балалар әлеуметтік желілерді пайдаланбас бұрын ата-анасының рұқсаты сұралатын болады", - дейді Ұлыбританияның ғылым министрі Эндрю Гриффит.

Инстаграм мен Пинтерест желілерінен зиянды контент көріп, өз-өзіне қол салған 14 жасар Молли Расселдің отбасы қайырымдылық қорын ашқан болатын. Қор қызметкерлерінің пікірінше, теле-радио эфирі мен интернеттегі ақпаратты қадағалаумен айналысатын Офком агенттігіне қосымша өкілеттіктер берілу керек. 

"Әлеуметтік желілер тәуелділік туғызып, шындыққа жанаспайтын жасанды әлемге жетелейді. Ол жасөспірімдер отыратын орын емес. Сондықтан реттеуші органның қызметін күшейту керек", - дейді қоғам белсендісі Бибон Кидрон.

Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Маңызды құжат балаларды қорғағанымен азаматтардың жеке өміріне қол сұғады дейді сарапшылар. Әсіресе, хат алмасқан кезде құпиялылық сақталмайды-мыс. Яғни, Ватсап, Вайбер пайдаланушылар бір-біріне қауіпті контент жібермеуі үшін жазбалары қадағаланатын болады.

"Шифрлау – ол ақпаратты құпия кодқа түрлендіру әдісі. Екі адам хат алмасып жатқанда, тіпті, онлайн сервис те олардың әңгімесінен бейхабар болады. Бұл сөз бостандығы мен жеке бас құпиялығы үшін керек дүние. Ал жаңа заңға сәйкес мессенджерлер контентті қадағалап, жұрттың әңгімесін аңдып отырмақ", - дейді Ақпараттық инновациялар орталығының аға сарапшысы Кир Нути.

Қайырымдылық ұйымдары мен белсенділер 2017 жылдан бері ғаламтордағы қауіпті контентпен қатаң күрес жүргізуге шақырып келеді. Арнайы заң өткен күзде қабылданбас бұрын өте ұзақ тексеруден өткен болатын. Балаларды қорғауға арналған қайырымдылық ұйымының пікірінше, соңғы 6 жыл ішінде ғаламторда балалар өміріне қауіп төндірген 35 мыңға жуық қылмыс тіркелген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина