Екібастұзда кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген Тәжікстан азаматы ұсталды

Екібастұзда Тәжікстан азамата ұсталды, ол Ресейде сегіз ай бойы іздеуде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қылмыстық істің құжаттарына сәйкес, Ресей Федерациясының тергеу органының 2023 жылғы 29 мамырдағы қаулысымен шетелдік азаматқа іздеу жарияланған. Челябі қаласының Орталық аудандық сотының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен оған қатысты  қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы сырттай таңдалды.

"22 жастағы Тәжікстан азаматына қатысты РФ ҚК-нің 105-баптың 2-бөлігі "ж", "и" тармақтарында ("Адамдар тобының бұзақылық ниетпен адам өлтіруі"), 213-баптың 2-бөлігінде ("Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қару заттарды пайдалана отырып, бұзақылық жасау") көзделген қылмыстарды жасады деген айыппен қылмыстық іс қаралып жатыр", - деп хабарлады Павлодардағы №63 мекеменің бастығы Берік Рахимов.

Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті Екібастұзда ұсталды. Тергеу изоляторының арнайы есеп бөлімінің қызметкерлері қажетті құжаттарды дайындады. Қазіргі уақытта экстрадициялық қамауға алынған шетелдік облыстық № 63 мекемесінде отыр. 

"Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері қылмыстық қудалау органдарынан қашып, Ресейде кісі өлтіргені үшін іздеуде болған қылмыскерді экстрадициялауға дайындалып жатыр", - деді Берік Рахымов.

Ведомствоның мәліметінше, жақын арада қылмыскер одан әрі тергеу әрекеттері мен сот шешімін шығару үшін Ресей Федерациясына жіберіледі. 

ҚР Қылмыстық кодексінің 590-бабына сәйкес, оны қылмыстық қудалау үшін Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарына экстрадициялауда ешқандай кедергі жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!