Жетісу облысында өз-өзіне қол жұмсаған көпбалалы әйелге қатысты тың дерек айтылды

Жетісу облысында өз-өзіне қол жұмсаған көпбалалы әйелге қатысты тың дерек айтылды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жетісу облысында көпбалалы әйел өз-өзіне қол жұмсаған еді. Ақсу ауданы әкімдігі өкілі жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкімдік мәліметінше, әйел алғашында әкімнің қабылдауына туысымен келген.

"Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаев қабылдау кестесіне сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша әр дүйсенбі сайын сағат 14.30-дан 18.00-ге дейін, сондай-ақ, азаматтардың өтініштеріне сәйкес қажеттілігіне қарай қабылдайды. Биыл 22 желтоқсанда аудан әкімінің жеке қабылдауына Б. Узбекова өзінің туысы М. Серікпен келген, ол азық-түлік түрінде көмек сұраған. Аудан әкімінің тапсырмасы бойынша демеушінің қолдауымен М. Серікке азық-түлікпен көмек көрсетілді. Бұл ретте Б. Узбекованың өзі атаулы әлеуметтік көмек алып отырған", - деп жазылған Ақсу ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарламасында.

Сонымен қатар, әкімдік өкілдері әйел 28 желтоқсанда да келгенін, бұл кезде дәрі-дәрмек қабылдағанын айтқанын мәлімдеді.

"Б. Узбекова аудан әкімдігіне 28 желтоқсанда сағат 17.00-18.00 шамасында эмоционалды тұрақсыз күйде келіп, қандай да бір дәрі-дәрмек қабылдағанын айтқан. Әкімдік ғимаратынан ешқандай өтініш, талап қоймаған күйде шығып кеткен. Азаматшаның мұндай жағдайға түсу себептерін білу үшін оның тұрғылықты мекен-жайына аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жіберілді, бірақ Б. Узбекова үйінде болған жоқ. Сол күні сағат 19.00 шамасында азаматша Б. Узбекова орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, 29 желтоқсан күні таңертең қайтыс болды. Бұл дерек бойынша құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жүргізіліп жатыр", - деп жазылған әкімдік жауабында.

Еске салайық, бұған дейін 35 жастағы көпбалалы ана өз-өзіне қол жұмсағаны хабарланды. Қайғылы оқиға туралы журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Ақсу ауданы орталық аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөлімінде әйел 10 қорап аспирин ішіп, бір күннен кейін қайтыс болғаны айтылды", - деп жазылған мәліметте.

Жетісу облыстық Полиция департаменті оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге итермелеу") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова