Павлодар облысында автобустың шахтаға құлап кетуіне байланысты тергеу басталды

Павлодар облысында автобустың шахтаға құлап кетуіне байланысты тергеу басталды
Фото: Pavlodarnews.kz

Павлодар облысында автобустың шахтаға құлап кетуіне байланысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, арнайы жедел тергеу тобы құрылған. 

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

"Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында", - дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілмейді.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01.25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткені хабарланды. Алдын ала болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы - 150-200 метр, ені - 500 метр, тереңдігі -150 метр.

"Апат кезінде автобуста төрт адам болды: республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ", – деді департаментте.

Адамдар отырған автобус шахтаға түсіп кетті: жерлеу рәсімін өткізуге қанша теңге бөлінді?

Жедел штаб ұйымдастырылды. Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың басшылығы бар. Психологтар жұмыс істеді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына "Майқайыңалтын" АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ТЖ департаменті құтқарушыларының күштері мен құралдары, барлығы 44 адам, 13 техника және бір дрон жұмылдырылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина