Адамдар отырған автобус шахтаға түсіп кетті: жерлеу рәсімін өткізуге қанша теңге бөлінді?

Павлодар облысында кен орнында болған апатта қаза болған құтқарушыларды жерлеу рәсімін өткізуге 2 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. Бұл туралы Massaget.kz тілшісіне "Майқайыңалтын" АҚ бас директоры Қуаныш Ботин айтты.

"Біз қаза болған құтқарушылардың отбасына барып көңіл айтып, жерлеу рәсімін өткізуге әр отбасыға 2 миллион теңге көмек бердік. Бұдан бөлек комиссия қорытындысынан кейін жәрдемақы мөлшерін белгілейміз", - деді кәсіпорынның басшысы.

Бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов, қаза болғандар мен жоғалған құтқарушылардың отбасыларына "Майқайыңалтын" АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан әрбір отбасына 4,5 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетінін хабарлаған.

Еске салайық, 4 қаңтарда сағат 01.25 шамасында Баянауыл ауданында "Майқайыңзолото" АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткені хабарланды. Алдын ала болжам бойынша, құлаған аумақтың ұзындығы - 150-200 метр, ені - 500 метр, тереңдігі -150 метр.

"Апат кезінде автобуста төрт адам болды: республикалық орталық штаб кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ", – деді департаментте.

Жедел штаб ұйымдастырылды. Оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың басшылығы бар. Психологтар жұмыс істеді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына "Майқайыңалтын" АҚ кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері Павлодар филиалының, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ ТЖ департаменті құтқарушыларының күштері мен құралдары, барлығы 44 адам, 13 техника және бір дрон жұмылдырылды.

Е.Базарқұл

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz