Астана маңындағы ауылдардың жол мәселесі қалай шешіліп жатыр?

Ақмола облысына қарасты, бірақ Астана маңында орналасқан Қосшы, Талапкер және Қоянды ауылдарының ішкі жолдары әлі де нашар. Massaget.kz тілшісі облыс әкімдігінен жолдарды жөндеуге қанша қаржы кеткенін, осы жылы қашан басталатынын сұрап білді. 

Қоянды мен Талапкерде не істеліп жатыр?

"Былтырдан бастап Талапкер ауылында көше желісін салу бойынша 2 жоба, сонымен бірге, күрделі жөңдеу бойынша 1 жоба іске асып жатыр. Жобалар іске аса бастағаннан бері күрделі жөндеу бойынша 27,4 шақырымға, ал көше желісін салу жобалары аясында 13 шақырым жол учаскілеріне асфальт жабындылары төселді. Одан бөлек 2023 жылдың аяғында тағы 1 жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді", - делінген өңірдің баспасөз қызметінің ресми жауабында.

Ал Қояндыда көше желісін салу бойынша 1 жобаның, күрделі жөндеу бойынша 1 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Жобалар аясында 15,6 шақырымнан аса жолға асфальт төселді. Былтыр 3 жобаның жобалау- сметалық құжаттамасы әзірлеу жоспарланған. Алдағы уақытта қаражат бөлінуіне байланысты құрылыс жұмыстары жалғасады. Жол мәселесі республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік инвестициялық жобаларға жатады. Аудан әкімдігі бюджеттік нақтылауға өтінім бергенін және алдағы болатын бюджеттік нақтылауға да өтінім берілетінін жеткіземіз", - дейді Целиноград әкімдігі өкілі.

Қосшыдағы жол мәселесі

Қосшы қаласының және Тайтөбе ауылының көше жол желісінің жалпы қашықтығы 225 шақырым, оның ішінде асфальтбетон жабыны 128 шақырым, қиыршық тас-жабыны 62,2 шақырым және топырақ жамылғысы 34,8 шақырым болады Екі елдімекеннің көшелеріне 17 шақырым жолға инертті материал төсеу және грейдерлеу (тегістеу) бойынша жұмыстар атқарылыпты. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 174 миллион теңге қаржы бөлінді.

Бүгінгі таңда Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылы жолдарының құрылысы, күрделі жөндеуі бойынша жол төсемін жаңғырту 4 жоба негізінде жүргізіліп жатыр. Былтыр (жылдың аяғында - еск.) республикалық және облыстық бюджеттер қаражаты есебінен қашықтығы 35 шақырымнан асатын жолдардың құрылысы және жөндеу жұмыстары жүргізілді.

"Қосшы қаласы және Тайтөбе ауылының жолдарын күтіп ұстауға, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын орнатуға және пайдалануға облыстық және жергілікті бюджеттен 725 миллион теңге бөлінді. Былтыр 16 шақырым қалаішілік жолдардың құрылысы жобасы әзірленді. Жоба құны - 15,8 миллиард теңге. Бас мердігер "АБК Автодор НС" ЖШС. Жоба шеңберінде 1500 орындық мектеп-гимназияға кіреберіс жолдардың құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды және "Нұрай" тұрғын үй кешені маңындағы №3 орта мектепке, "Сереневый сад", "Алтын дала" тұрғын үй кешендеріне кіреберіс жолдарын құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген ресми жауапта.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!