"Айналамның бәрі теріс айналды". Әнші Индира Расылхан сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты

"Айналамның бәрі теріс айналды". Әнші Индира Расылхан сахнадан көрінбей кетуінің себебін айтты
Фото: Әлеуметтік желіден

Әнші Индира Расылхан көптен бері сахнадан көрінбей кетуінің себептерін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, әншіге сиқыр жасалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі үш жыл бұрын өкпесіне ота жасалғанын атап өтті.

"Өкпе орнына келгенше уақыт керек болды. Одан бұрын Атырау қаласына гастрольдік сапармен барғанда жүрегім қысылып, құлап қалдым. Бір есімді жинасам, жедел жәрдем келген екен. Олардың "жүректен ешқандай ақау көріп тұрған жоқпыз, мүмкін неврологиялық ауру шығар" деп айтқанын естіп қалдым.  Сөйтіп, осы ауру жиілей бастады. Кардиологқа бардым, бәрі таза болып шықты. Невропотологтар бәрі жақсы екенін айтты. Жаймендеп жұмыстарымнан қиындықтар шыға бастады. Не бастасам да кері кетіп, айналамның бәрі теріс айналды. Анам қатты уайымдап, түрлі кісілерге апарып дем салдырып жүрді. Бір күні өзім барған кісі, екі сиқыр жасалғанын айтты. Ол "Индира, сізге екі сиқыр, қазақша айтқанда дуа жасалған, біріншісі әбден бойыңызға сіңіп кеткен, ал екіншісі осы жақында ғана жасалды" деді. Өліп қалғым келетін сәттер болды. Ол кісі маған көмектесе алмайтынын айтты. "Түркияда бір адам бар, соған барып көріңіз" деп кеңес берді. Жағдайымның мазамды алғаны сонша Түркияға баруды ұйғардым", - деді Индира Расылхан.

Әнші Түркия елінде өзіне ақын Айнұр Тұрсынбаева қол ұшын бергенін айтты.

"Дереу Айнұр Тұрсынбаеваға хабарласып, көмек сұрадым. Ол маған пәтер жалдап берді. Бар жиған-тергенімді қалтаға басып, үш қызыммен көшіп кеттім. Айнұр бір айлық пәтерақымды төлеп қойыпты, тіпті ішіне қажетті жиһаздарды да сатып әперді. Бір күні Айнұр үйіне тамаққа шақырып, қонып қалдым. Сол түні өзімді жайсыз сезініп, арпалысып шықтым. Бір қарасам оныншы қабаттан секіруге сәл қалдым. Дереу есімді жиып, ертеңіне Қазақстандағы кісі айтқан адамды іздеуге шықтым. Оған баратын жолақымды Айнұр тауып, қалтама салып берді. Жаңағы кісіге барып, оқытылдым. "Бұл сиқыр отбасыңызға жасалған. Қыздарыңыз құрсақта жатқанда болған. Екінші сиқыр бір жылдың көлемінде жасалған. Уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады" деді. Сенесіздер ме, бір ай бойы үш қызыммен мазамыз болмай, зіл басып, жатып қалдық. Біраз уақыттан кейін жақсы бола бастадық. Мен сол күйі оны кім жасады, не үшін болды деген сұрақтарға жауап ала алмадым. Білгім де келмеді. Алла мені өзіне жақындату үшін осындай сынақ берген шығар деп ойладым. Міне, осындай себептермен мен сахнадан алыстап кеттім", - деді Индира Расылхан.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы