Үш адам қаза тапты: Оралда жарылыс болған кафедегі құтқару жұмыстары аяқталды

Оралдағы дәмханада болған жарылыс орнында құтқару жұмыстары аяқталды. Оқиға орнында 16 сағат бойы Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері үздіксіз жұмыс істеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қираған құрылым толығымен бөлшектелді. Жұмыстар қолда бар құралдар мен іздестіру әдістерімен жүргізілді. Төтенше жағдайлар қызметінің күштері қираған құрылыстардың астынан алты адамды тауып, құтқарды. Оның бесеуі медициналық мекемелерге жеткізілді, бір адам ауруханаға жатқызудан бас тартты. Сонымен қатар үш адам өлі табылды", - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Оқиғаның себептері мен адам өлімін анықтау үшін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.

Еске салайық, бүгін түнде екі қабатты дәмхана ғимаратында алдын ала мәлімет бойынша газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан ғимарат құлап, кейін өртенген болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!