Адай жылқысы несімен мықты? Қазақстандық профессор жауап берді

Адай жылқысы несімен мықты? Қазақстандық профессор жауап берді
Фото: eldala.kz

Биология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Нұрышев Адай жылқысы қалай пайда болғанын және несімен ерекше екенін түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың соңында Әділет министрлігі Адай жылқысының 6 түрі жаңа ұлттық бренд ретінде тіркелгенін мәлімдеді.

"Адай тұқымы - қазақтың қолға үйретілген дала жылқысы мен түркіменнің Ахалтекесінің араласуынан шықты. Оның өзін ұстауы мен әрекеттері түйеге ұқсайды. Дала мен шөлейт жерге шыдамды келеді. Сусыз бір-екі күн жүре береді және тек тұщы суды емес, теңіздің ащы суында іше алады. Басқа тұқымдағы жылқыларда мұндай қасиет жоқ. Адай жылқысының тұяғы ұзақ жолдарға шыдамды әрі өңірдің табиғатына, тасты жеріне әбден бейімделген. Біздің зерттеуіміз бойынша, Адай жылқысы Маңғыстауда өсетін 616 өсімдіктің тек 77-сін жейді", - дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, Адай жылқысы аурушаң келмейді, өйткені жем-шөпті талғап, тазалап жейді. Оның үстіне 100 биеден 90-80 құлын береді. Бұл жоғары көрсеткіш.

"Адай жылқысы жайылым кезінде көбірек пысқырынады. Бұл өз кезегінде шөптегі шаң-тозаңның ұшып кетуіне, сол арқылы жылқы таза шөппен қоректенуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге ғылымға сенсек, жылқының өлшемі мынандай: биіктігі небәрі - 1,5 метр. 250- 270 келі ет береді. Мойны қысқа, кеуде орамы - 165, дене ұзындығы - 145 см, сауырыны салыңқы, жуан жіліншігі етсіз, мықты құйма тұяқты болады", - дейді Мұрат Нұрышев.

Жасұлан Ордабаев 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz