"Бір айдан бері жуынбадық". Талғар ауруханасындағы науқастар аурухана ұжымына наразылығын білдірді

"Бір айдан бері жуынбадық". Талғар ауруханасындағы науқастар аурухана ұжымына наразылығын білдірді
Фото: Видеоскрин

Алматы облысындағы Талғар ауруханасындағы науқастар ыстық су жоқ екенін айтып, назын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Арнаға шағым айтқан алматылық тұрғын бронхитпен ауырып жатқан інісіне барғанда, 1 айдан бері ыстық сусыз жатқанын естіген. Науқастың әпкесі онсыз да өкпесі қабынып жатқан інісінің жағдайына алаңдайды. Өзінің жақынынан бөлек, басқа да келушілерге бұл мәселе қиындық тудырғанын айтты.

"Туған інім жатқан ауруханада бір ай ыстық су жоқ, суық су ғана ағады. Эпилепсиясы бар, сосын бронхитпен ауырып жатыр. Ыстық су жоқ, суық сумен жуына алмайды, сасып жата бере ме?"– деді науқастың әпкесі Нәзерке Сейітбекова.

Аурухана тарапына айтылған арызды анықтамақ болып, барып көрдік. Ашық тұрған жуынатын бөлмелерге кірдік. Бір ай жылы су берілмеген. Өзін жауапты маманмын деп таныстырған ақ халатты бұл қабатта ыстық судың ағып тұрғанын айтып, дәлелдемек болды. Бірақ бәрі өзі ойлағандай болмай шықты.

Аурухана әкімшілігі уақытша қиындықтар барын айтып отыр. Алайда тұтас Талғар ауруханасында ыстық су жоқ деп айту шындыққа жанаспайтынын мәлім етті.

"Бір емделуші шағымданды. Биыл күрделі жөндеу жүргізілді, құбырлар ауыстырылды. Жүйе бойынша құбырдың белгілі бөлігіне ыстық су келмей жатыр. Ал "аурухана бойынша жоқ" деген жалған ақпарат", – деді Талғар ауданы Орталық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ғалымжан Есенәлиев.

Бас дәрігердің орынбасары бір аптада олқылықты түзейтінін айтып, уәде берді. Оның сөзінше, қазір құбырларды қайта жаңартып жатыр. Ол қызметкерлердің науқастарды жылы суы бар палатаға апарып, жуындырып әкелетінін жеткізді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы