Алматыдағы автобус апаты: қаза тапқандардың туыстары өтемақы талап етті

Алматыдағы автобус апаты: қаза тапқандардың туыстары өтемақы талап етті
Фото: Massaget

Алматыдағы автобус апатынан қайтыс болғандардың жақындары автобус паркінен өтемақы талап етіп отыр. Олар қоғамдық көліктің иесі мәселені жылы жауып қоя сала ма деп алаңдайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.

Ал, сақтандыру компаниясының мамандары қаза тапқандардың туыстарының талабы орынды екенін айтты.

Сүйінбай Оңалбекұлы автобус апатынан қаза тапқан ерлі-зайыпты Талап Қосымов пен Гүлжахан Жетпісбаеваның туысы. Оның айтуынша, жақындарының артында қалған төрт баласы жұмыс істемейді. Тұрып жатқан баспаналары несиеге алынған.

"17 миллион банктен берілген ақша. Қалғанын өздері ауылдағы үйлерін сатқан, көліктерін сатқан. Сол банктегі ақшасы жабылып кетсе мына балаларға үй болып қалар еді. Сол үміт күтіп отырмыз автобус паркі жағынан. Үмітімізді ақтайтын шығар деген ойдамыз", - дейді  марқұмдардың туысы Сүйінбай Оңалбекұлы.

Сақтандыру компаниясының өкілдері қайтыс болған азаматтардың туыстарының талабы орынды екенін айтты. Себебі, автобус паркі көліктің иесі болғандықтан өзінің азаматтық жауапкершілігін сақтандыруы тиіс. Мамандардың пікірінше, сот шешімі шыққаннан кейін қайтыс болғандардың жақындары азаматтық сотқа арызданып, сақтандыру компаниясына жүгіне алады. 

"Бар, жоқ па оның кінәсі бәрібір сол келтірілген залалды төлеп беруі тиіс. Адам қайтыс болғанда 2000 АЕК, І топтағы мүгедек болса 1600, ІІ топтағы мүгедектік үшін 1200, ІІІ топқа 500 бала мүгедектік алса болады", - деді "Еуразия" СК атқарушы директоры Гүлнәз Мұхтарова.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда автобус аялдама маңында тұрған бір топ адамды қағып кеткен еді. Қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған. Апаттан 7 адам зардап шегіп, үшеуі қайтыс болды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы