Ақтөбе облысында жолды су басып, жедел жәрдем көлігі зардап шеккен балаға жете алмады

Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбе облысында үш жасар қыз бөгде затты жұтып қойған, алайда өзен тасып, салдарынан жедел жәрдем оқиға орнына жете алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Көкбұлақ ауылында болған. 1 қаңтарда күн күрт жылынып, салдарынан Сағыз өзенінің суы ауыл тұрғындары негізгі тас жолға өтетін бетон тақталарды (плита) басып қалды. 37 отбасы өркениеттен қол үзіп қалды.

Осы кезде ауылда үш жасар қызға шұғыл медициналық көмек қажет болған. Ол бөгде затты жұтып қойып, ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Алайда бригада өзендегі су деңгейінің жоғарылауына байланысты елді мекенге жете алмаған. Ауыл тұрғындары судың ағысына қарамастан, баланы өзен арқылы ауыр жүк көлігімен алып өткен.

Бірақ алда тағы бір тосқауыл тұрды: тұрғындар ағаш тақтай төсеп, қызды қолмен көтеріп жедел жәрдем көлігіне дейін жеткізген. Баланың анасы дәл осы қолдан жасалған өткелден өтуге мәжбүр болған.

Ауыл тұрғындары бұдан былай мұндай қатерге басын тіккісі келмейді, олар сол үшін де көпір салып беруді сұрап отыр. Алайда әкімдік бұл шағын ауыл үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп есептейді. 

"Ақбұлақ кентінде 37 үй бар. Бұл - бұрынғы ферма орталығы. Сағыз өзені сол жерден бастау алады. Бұған дейін әкімдік бетон тақтадан көпір салған, бірақ көктемде бетонды шайып кетті және қазан айында су тасқынына қарсы іс-шараларға дайындық кезінде біз өту үшін қоқыс тастары мен қиыршық тастарды қойдық. Біз шайып кеткен үлкен тақталарды қаңтар, ақпан айларында, жер қата бастағанда, ауыр техникамен жұмыс істеуді жоспарладық. Бірақ температура көтеріліп, өткел суға кетті. Қазір жұмыс жүргізіліп жатыр. Көпір салу мәселесі қарастырылады, бірақ бұл үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасау керек", - деді Байғанин ауданының әкімі Айбек Көшенов.

Фото: Ақтөбе облысы Байғанин ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шенеунік келесі күні бұл жерге қайта барып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен "өзім танысамын" деп уәде берді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан