10-30-30-30 ережесі: отбасылық жинақты арттырудың тиімді әдісі

10-30-30-30 ережесі: отбасылық жинақты арттырудың тиімді әдісі
Фото: Тұрар Қазанғапов

Отбасы – ол жауапкершілік. Оған қаржылық жауапкершілік те кіреді. Отбасылық бюджетті жүргізудің әдістері көп. Бүгін 10-30-30-30 ережесіне тоқталуды жөн көрдік.

Отбасының ақша айналымын төрт жәшігі бар комод деп ойлаңыз: 30% — өмір сүруге қажетті шығындар, 30% — инвестиция немесе кредиттерді жабу, 30% — жеке дамуыңызға қажетті шығындар және 10% — қор.

Егер жәшіктің бірі бос болса, қалғандарынан да бірдеңені жоғалтып алу оңай. Кірісті мақсаттар бойынша қатаң бөлу – өмір тұрақтылығының және оның сапасын жоспарлы түрде арттырудың кепілі.

Күнделікті шығындар (30%)

Коммуналды қызметтер, тамақ пен киім сатып алу – әдетте отбасы мүшелерінің жалақысы осыған кетеді. Алайда қалған үш жәшікті бос ұстауға болмайды. Дүкенге қалтаңыздағы соңғы ақшаға дейін қалдырып шықпаңыз. Егер барлық тапқан ақшаңыз күнделікті өміріңізге кетіп отырса, шығындарыңызды қайта қарастырыңыз.

Шығындарды оңтайландыруға көмектесетін қадамдар:

  • Су мен электр қуатына шығатын есепшотты тұрмыстық әдеттеріңізді өзгерту арқылы қысқартуға болады;
  • Көңіл күйіңізге қарай киім немесе зат сатып алу әдетінен арылыңыз. Киімдер мен заттарды тек қажеттілігі бойынша ғана алыңыз;
  • Тоңазытқыштан бүлініп кеткен немесе жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамдарды жиі лақтыратыныңызды байқасаңыз, бір аптаға арналған тамақтану жоспарын құру жайлы ойланып көріңіз.

Кредиттер мен инвестициялар (30%)

Кей жобаларды кенеттен жүзеге асыра салу келіспейді. Сондай-ақ кей заттарды, мысалы, жаңа пәтер, көлік немесе қымбат компьютерді бірден сатып алу қиын. Мұндай заттарға біртіндеп ақша жинау – кең тараған тәжірибе. Алайда мақсатқа жинауды қормен шатастырмау керек. Бұлар бюджеттің екі түрлі жәшігі. Көлемді нәрсе сатып алуға жинаған ақшамен сол сома жиналған бойда қоштасасыз. Ал қордағы ақшаны тек қиын жағдайда қолданасыз.

Біреулер өмір сапасын кредиттердің көмегімен арттырады. Осындай кредитерді төлеуге кірістің 30%-нан артық кетпегені жөн.

Жеке даму (30%)

Жоғары біліміңіз бар болса да және ақша жақсы тапсаңыз да, ой-өрісіңізді, біліміңізді және дағдыларыңызды арттыруды тоқтатпаңыз. Мысалы, шет тілдерді үйреніңіз, музыкалық аспаптарды меңгеріңіз, кәсіби салаңыз бойынша курстарға жазылыңыз және т.б. Оған бюджетіңіздің 30%-ын арнаған дұрыс.

Қор (10%)

Кірістің 10%-ын міндетті түрде қорға салу керек. Ол - қауіпсіздік кепілі.

Қордағы жинақ қандай жағдайда керек болуы мүмкін:

  • Күтпеген жерден жұмыстан шығып қалу;
  • Денсаулыққа қатысты ұзақ уақыт жұмыс істей алмау;
  • Мемлекеттік сақтандыру қоры төлей алмайтын медициналық қызметтер алу;
  • Сот шығындары;
  • Қартайған шақта тек зейнетақыға немесе балаларыңызға сеніп отыруға болмайды.

Мұндай мақсатта ақша салуға банктен бөлек шот ашқан дұрыс.

Оқи отырыңыз: Ақша жинауға қатысты лайфхактар

А. Жапатова