Ақтөбедегі төбелес екі жасөспірімнің өліміне себеп болды: оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды

Ақтөбедегі төбелес екі жасөспірімнің өліміне себеп болды: оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды
Фото: видеодан алынған кадр

Ақтөбеде жастар арасындағы жаппай төбелестің соңы екі баланың өлімімен аяқталды. Әлеуметтік желіде басталған кикілжіңнен қос тарап түн жарымында бетпе-бет кездесіп, бір-біріне пышақ салған. Кәмелетке толмаған екі студент қаза тауып, тағы екеуін жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізген. Қылмысқа қатысы бар алты жігіт қамауда отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Оқиға Ақтөбе іргесіндегі Қызылжар ауылына кіреберістегі дүкеннің алдында болған. Бұл жерге түн ауғанда он шақты жігіт жиналып алып төбелесіп, бір-біріне пышақ салған.

Мұзды қардың үстіне тамған қан ізі оқиға орнында анық көрініп жатыр. Пышақ тиген бозбаланың бірінің қансырап сүйретілгенін де байқауға болады. Екі жақ болып жұдырықтасқан соң қарсы тарап төрт жігітке пышақ сұққан. Қыршын кеткен студенттің бірінің көк тамырына тиіп, жүрегін жарақаттаған.

Екіншісінің де көктамырына тиген пышақтан қан көп кетіп, есін жия алмапты. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізгенмен, дәрігерлер аман алып қала алмады.

"Жүрек жарақатымен науқас жедел түрде ота жасалды. Ота кезінде 2-3 сағаттан кейін геморроид шоктан қайтыс болды. Күре қан тамыры жарақаттанған науқас клиникалық өліммен келіп түскен. Ота басталмай жатып, геморроид шоктан екі науқас та қайтыс болды", - деді Ақтөбе облысы ауруханасының бөлім меңгерушісі Жазылбек Әбдин.

Жаппай төбелесте жарақат алған басқа екі жас аман. Бірінің кеуде тұсынан пышақ тіліп өткен. Екіншісінің иығына тиіпті. Марқұм болғандар жергілікті колледжде оқыған.

Мұғалімдері олардың оқуда озат, спортпен кәсіби шұғылданғанын айтып отыр. Оқытушылары да қанды оқиғаны түн жарымында естіпті.

"Түнде естіп, бөлімшеге бардық. Біздің студент екенін білдік. Жай түскендей болды. Оңай емес. Сіздерге жауап беру де оңай болып тұрған жоқ, ауыр қайғы", -  деді Ақтөбе индустриалды-кәсіптік колледж директорының орынбасары Сәнімгүл Жақыпова.

Тәртіп сақшылары жастар арасындағы кикілжіңнің әлеуметтік желіде басталғанын айтты. Олар Instagram-да сөзге келіп, түн жарымында кездесуге келіскен. Дүкен алдында ақыры пышақтасып, қазір қылмысқа қатысы бар алты жігіт қамауға алынды. Арасында студенттерден бөлек, жақында әскерден келгені де бар.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының екінші бөлігінің бірінші, тоғызыншы, 14-тарамақтары бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала деректер бойынша, 2 қаңтар, 2024 жылы Instagram желісінде кәмелетке толмағандар арасында жанжал шығып, оның салдарынан бір кәмелетке толмаған бала дүкеннің жанында кездесуді ұсынған", - деді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Жандарбек Спан.

Жасөспірімдердің сүйегін мәйітханадан үйіне жеткізді. Ал алты күдіктіге тағылған айып та ауыр.

"Адам өліміне әкелуге себеп болған әлеуметтік желідегі даудың да кесірі тиді", - дейді тәртіп сақшылары.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан