"Жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр". Президент Үкімет пен әкімдіктерге маңызды міндет жүктеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жылу электр орталықтарының жай-күйі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

– Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруа­шылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкімет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деу­ге болады. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жарықпен, сумен шұғыл қамтамасыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалыптасып отыр?

– Жылу электр орталықтарын­дағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды.

Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиға­ларды дардай қылып көрсетіп, жылу­мен қамтамасыз ету ісіндегі бол­машы олқылықты "қасіретке айналдыруға" ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.

Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкім­­діктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағ­дайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді.

Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн.

Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды.

Еске салайық, бұған дейін 2023 жылы 146 миллиард теңгеге жылу және электр жабдықтау нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілгені хабарланды. Оның 16 миллиард теңгесі энергетикалық нысан иелері тарапынан бөлінсе, 20 миллиард теңге Үкіметтен бөлінді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!