Халық биліктің іс-әре­кеті ұнамайтынын қалай білдіре алады? Тоқаев түсіндірді

Азаматтар биліктің іс-әре­кеті ұнамайтынын қалай білдіре алады? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

– Азаматтар биліктің іс-әре­кеті ұнамайтынын қалай білдіре алады?

– Елімізде биліктің іс-әрекетіне жария түрде келіспеушілік білдіруге толық мүмкіндік бар. Азаматтар өзін толғандыратын мәселе туралы ашық айта алады. Мен мемлекеттік органдардан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қоғамның пікірімен санасуды талап етіп келемін. Елімізде бейбіт жиналыстарды реттейтін демократиялық сипаттағы заң бар. Жақында петиция­ларды тапсыру және қарау тәртібін реттейтін заң қабылданды.

Сондықтан бір нәрсені анық білуге тиіспіз. Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида. Демократияның бесігі саналатын батыс елдеріне қара­ңыздар, ешкім де көшеде жаппай тәртіп­сіздік жасаған, мемлекеттік орган­дарға шабуылдаған адамның маң­дайы­нан сипап, өбектеп отырмайды.

Полиция жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушыларды, яғни биліктің заңды талаптарына қарсы шығуға үндеген, қару-жарақ әкеліп таратқан, жағдайды ушықтырып, адамдарды күш қолдануға, маңайдағының бәрін қиратуға, өртеп-талқандауға азғырған адамдарды анықтап, әшкереледі. Ал тәртіпсіздікке кездейсоқ қатысқан, білместікпен арандап қалған адам­дар­дың бұзақыларға қатысы жоқ. Оларға менің бастамаммен рақым­шылық жасалды. Бұған дейін соттал­ған 1205 адамның 1095-і осы рақым­шылыққа ілікті. Ал жаппай тәртіп­сіздік­ті ұйым­дастырғандар мен лаңкес­тік әре­кеті, мемлекетке сат­қынды­ғы, билік­ті күшпен басып алуға тырыс­қаны және басқа да ауыр қыл­мыс жасағаны үшін сотталғандар жазасын толығымен өтейтін болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!