"Бүкіл әлем мойындап отыр" - Тоқаев Қытай мен Қазақстан арақатынасы туралы

"Бүкіл әлем мойындап отыр" - Тоқаев Қытай мен Қазақстан арақатынасы туралы
Фото: ©️ Tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай мен Қазақстанның арақатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

– Еліміздің сыртқы саясатында Қытай­мен қарым-қатынас маңызды рөл атқарады. Соңғы жылдары Қазақ­­стан қоғамының шығыстағы көр­­шіге деген көзқарасы жақсара бас­та­ғаны байқалады. Болашақта ҚХР-мен ынтымақтастық қалай өрбиді?

– Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақ­стан мен Қытай арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа "алтын отыз жыл­дығына" қадам бастық. Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі.

Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжің­нің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын.

Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бо­йынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспорт­қа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк та­сы­малын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрын­нан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 мил­лиард доллар инвестиция салды.

Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен "Бір белдеу, бір жол" атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және "Аягөз – Тачэн" бағытындағы темір жол құры­лы­сы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміз­дің көлік-логистика саласына тың сер­пін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытай­­дың "Бір белдеу, бір жол" мега­жоба­­сын толығымен қолдайды. Был­тыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі.

Қазақстан мен Қытай арасында виза­сыз жүру режімі күшіне енді. Мұ­ның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып, келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкін­дікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін.

Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо­йындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды.

Еске салайық, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр мамырдағы Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында 23 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде визалық талаптардан өзара босату туралы келісім де болды. Осылайша, Қазақстан мен Қытай визасыз режимге қол қойды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова