Бишімбаев ісінен кейінгі петиция жабулы қазан күйінде қалды ма? Тоқаев пікір білдірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

– Өткен жылдың қараша айын­да ер адамның әйелін өлтіруі қоғам­да үлкен дүрбелең туғызды. Осы оқиға­дан кейін әлеуметтік желіде әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайту туралы бейресми петиция жарияланып, оған өте көп қол жиналды. Алайда "Петициялар туралы" заң биыл сәуір айында ғана күшіне енеді. Сондықтан бұл петиция заңсыз деген сөз шықты. Көпшілік "Жабулы қазан жабулы күйінде қалады" деп алаңдап отыр. Турасын айтыңызшы, Сіз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды қолдайсыз ба?

– Мен елімізде "заң мен тәртіп" қағи­датының орныға түскенін қалай­мын. Сондықтан нақты жауап бере­йін, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын.

Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалып­таспаса, заңға енгізілген өзгеріс­терден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиға­ларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен іріте­тін, адамгершілікке жат қылықтарды ақ­тау­­ды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек.

Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

Еске салайық, бұған дейін экс-министр Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланды. Кейін ол қамауға алынды. 

Бұрынғы ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаев бұған дейін де істі болған. Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді.

Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды.

Кейін экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қарашадағы оқиғадан кейін құзырлы органдарға Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз