Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде "Ресей құтқарып қалды" деген мәлімдемеге пікір білдірді

Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде "Ресей құтқарып қалды" деген мәлімдемеге пікір білдірді
Фото: ©Tengrinews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгінгенімізге баса мән беру керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

– Қазақстанға Ресейдің әске­ри қызметшілерін шақыру қанша­лықты дұрыс шешім болды? Біздің мем­лекетті сол кезде Ресей құт­қарып қалды деген пікір көрші елде жиі айтылады.

– Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіп­сіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.

Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақ­стан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқа­рып, қасіретті күндерде елді жайла­ған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.

ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкес­тікке қарсы операцияларға қатыс­қан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы "Ақсай" нан зауытын және "Алматы су" мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродром­ды, Тәжік­стан мен Қыр­ғыз Респуб­лика­сының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмыл­дыруға мүмкіндік туды.

Еске салайық, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) төрағалық Қазақстан Республикасына өтті. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін айтқан болатын. Осыған орай Мемлекет басшысы Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым қызметі бойынша ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова