"Еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін" - Тоқаев

Президент АЭС құрылысына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты. 

- Сіз Жолдауыңызда АЭС салу-салмау мәселесі жалпыхалықтық референдум арқылы шешіледі деп мәлімдедіңіз. АЭС «жасыл» энергия саналғанымен, қоғамда бұған қатысты әртүрлі пікір айтылып жүр. Мұндай нысан салу туралы жоспардың геосаяси астары да жоқ емес. Сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Қазақстан үшін таза атом энер­гиясы­ның мәні зор. Бұл – ел эконо­ми­касының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіре­міз. Сол себепті мен еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін. Түптеп келгенде, энергети­ка қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүд­де емес, нақты қажеттілік пен мүмкін­дік­тер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.

Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіре­тін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күр­делі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды.

Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құры­лысына қатысты мәселені жалпы­халық­тық референдумға шығаруды ұсын­дым. Халқымыз үшін аса маңыз­ды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жыл­ғы сайлау алдындағы бағ­дар­ла­мамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы.

Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!