Түкіргені үшін, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін: Қазақстанда айыппұл мөлшері қалай өзгерді?

Түкіргені үшін, жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін: Қазақстанда айыппұл мөлшері қалай өзгерді?
Фото: depositphotos.com

2024 жылы айлық есептік көрсеткіш 3692 теңгеге дейін өсті. Осыған байланысты айыппұл мөлшері де өзгерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

  • Жол ережесін бұзғаны үшін

2024 жылы жылдамдықты 10-20 шақырымға арттырғаны үшін айыппұл көлемі 5 АЕК немесе 18 460 теңге болады. Жылдамдықты сағатына 20-40 шақырымға арттыру 10 АЕК, яғни 36 920 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге әкеп соғады. Жылдамдықты сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін 20 АЕК, 73 840 теңге айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайта арттырса, 30 АЕК, 110 760 теңге айыппұл салынады.

Көлік жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге 20 АЕК, яғни 73 840 теңге айыппұл салынады. Көлік басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, 50 АЕК, яғни 184 600 теңге айыппұл салынады не 20 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Жол белгілерін немесе жолдың жүру бөлігінің белгіленген талаптарын сақтамағаны үшін айыппұл 11 076 теңге болады, бұл - 3 АЕК.

Бағдаршамның тыйым салынған белгісіне немесе реттеушінің тыйым салған қимылына қарамастан жол жүрсе, 10 АЕК немесе 36 920 теңге айыппұл салынады. Құқықбұзушылық қайталанса, айыппұлды 15 АЕК-ке, яғни 55 380 теңгеге дейін арттырады.

Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолдарымен, жол жиектерімен немесе тротуарлармен жүру кезінде 15 АЕК, яғни 55 380 теңге айыппұл салынады.

  • Көлік тұраққа дұрыс қойылмағаны үшін

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің басқа баптарында белгіленген жағдайлардан бөлек, көлікті тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін 5 АЕК немесе 18 460 теңге айыппұл салынады. Тротуарда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдары маңында көлік қою, сондай-ақ басқа да көліктердің жүруіне кедергі болатын жүріс бөлігінде көлік қою айыппұлды 10 АЕК-36 920 теңгеге дейін арттырады. Ақылы тұраққа төлемеу 3 АЕК, яғни 11 076 теңге айыппұлға әкеп соғады.

Қызметкердің көлік құралын тоқтату туралы талабын орындамау 40 АЕК, яғни 147 680 теңге айыппұл салуға әкеп соғады.

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуі бекітілмегені және жүргізушілер тізгінде телефон пайдаланғаны үшін 5 АЕК айыппұлмен жазаланады, бұл - 18 460 теңге.

Жаяу жүргіншілердің және басқа да қозғалысқа қатысушылардың жол қозғалысы талаптарын орындамауы 7 384 теңге, яғни 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұл бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл бірден 10 АЕК-ке дейін немесе 36 920 теңгеге дейін көбейеді.

  • Басқа да заңбұзушылықтар

Полиция қызметкерлері мен тергеушілер қызметтік міндеттерін атқарған кезінде олардың заңды өкімдеріне бағынбайтындар немесе олардың жұмысына кедергі келтіретіндер үшін айыппұл 30 АЕК, яғни 110 700 теңге болады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Бір жыл ішінде қайта бағынбағаны үшін 15-тен 20 күнге дейін қамауға алынады. Қамауға алынбағандарға жаза ретінде 50 АЕК, 184 600 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.

Қоғамдық орында түкіргені үшін, жөнсіз жерлерде қоқыс лақтырғаны үшін бірінші рет 5 АЕК, яғни 18 460 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл қайталанса, 10 АЕК, яғни 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова