"Балалар алаңдары сапасыз салынған". Атыраулық тұрғындар шағымын айтты

"Балалар алаңдары сапасыз салынған". Атыраулық тұрғындар шағымын айтты
Фото: azh.kz

Атырау тұрғыны Набижан Қуанышев 2023 жылы тапсырылған спорт алаңдарының сапасына шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz-ке сілтеме жасап.

Ол Авангард 4-ықшамаудандағы №11 үйдің алдындағы шағын футбол ойнауға арналған спорт алаңын көрсетті. Оның сөзінше, мұнда құрылыс нормалары мен ережелері сақталмаған.

"Осы спорт алаңын жаз ортасында тапсырды. Құрылысқа пайдаланылған материалдардың сапасыз екені көрініп тұр. Құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптары бойынша жасанды газон төсенішінің астына "щебень" төселуі керек, ал мұнда құм жатыр. Төсеніші жабыспайды, желімделмеген. Бұл нысанды қалай қабылдап алған, неге сапасын қарамаған? Бұл - бес жылға арналған алаң, ал үш-төрт айдың ішінде сөгіліп жатыр. Қар, жаңбыр жауғанда, алаң ортасы шылқып, көлкіп жатады. Ал "Мұнайшы" стадионында салынған спорт алаңында қар, жаңбыр жауғанда мұндай су жерде көлкіп жатпайды. Онда сапалы салынған, өйткені біздің футбол командасының жетістігі соған байланысты. Аулаларға, шамасы, сапа қажет емес болған ғой", - дейді Набижан Қуанышев.

Набижан Қуанышевтың пікірінше, балалар спорт алаңдарының барлығы дерлік сапасыз салынған.

azh.kz

Қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы қалада салынған және салынғалы жатқан балалар ойын алаңы мен спорт алаңдарына қатысты пікір білдірді.

"Қазір Атырау қаласы әкімдігі теңгерімінде 221 балалар ойын алаңы және 45 футбол алаңы бар. Сонымен қатар, аула ішілік аббатандыру жұмыстары аясында 60 балалар ойын алаңы және 21 футбол ойын алаңымен қоса воркаут алаңдарын салу жоспарланып отыр. Келер жылы қала аумағында орналасқан балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау мақсатында 40 ойын алаңын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге ашық электрон конкурс нәтижесін күтіп отырмыз. Мердігер мекеме: Риголит, Шебер, Атыраукөлік ЖШС. Осы мердігер мекемелер 2 жыл бойына сапасына да, күтіп ұстау жұмыстарына да жауапты болады. Авангард 4-ықшамауданы 18-үй ойын алаңын салу 2020 жылы Ғұмаров көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жобасы аясында іске асырылды. Мердігер мекеме - Атырауинжстрой. 11-үйге біздің қатысымыз жоқ. Лесхоз-2 аумағына ойын алаңдарын салу жоспарланбаған. Алайда қаражат бөлінген уақытта 2024 жылы тізімге енгізіледі", - делінген жауапта.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бухгалтерлік есеп, мемлекеттік сатып алу және іс жүргізу секторының меңгерушісі Рамиль Халауетденов 2022-2024 жылдар аралығында Атырау қаласының аула аумақтарын абаттандыруға мемлекеттік келісім-шарт 6 миллиард 827 миллион 624 мың 89 теңге болатынын нақтылады. Бұл жылдан жылға көшетін жоба болғандықтан, ақша бірден бөлінбейді. 2022 жылы бұл мақсаттарға 1 миллиард 370 миллион теңге, биыл 2 миллиард 500 миллион теңге бөлінген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова