Мастықтың салдарымен күресуге көмектесетін 5 тағам

Мастықтың салдарымен күресуге көмектесетін 5 тағам
Фото: ru.freepik.com

Кей адамдар мерекелік отырыста алкогольді артық ішіп қояды да, таңертең өзін өте нашар сезінеді. Мастықтың салдарын жеңілдетуге көмектесетін нәрселерге таза ауа мен жақсы ұйқы жатады. Алайда өзіңізге дұрыс таңғы ас немесе түскі ас ішу арқылы да көмектесуге болады.

Мастық салдарынан арылу үшін ең алдымен ағзаңызды тыңдау қажет. Себебі әр адам әртүрлі: біреулер таңертең тамақ жайлы тіпті ойлай да алмайды, ал басқалар тойымды тамақ жеп алғанды жақсы көреді. Біреулерде ащы сорпадан қыжыл пайда болса, басқаларды сол ғана құтқарады. Десе де, мастықтың салдарынан арылуға көмектесетін тағамдар бар. Оларға мыналар жатады:

1. Сұлы жармасынан ботқа

Біріншіден, сұлының аса бір дәмі жоқ, таңертең жүрегіңіз айнып тұрса да, оны оңай жей аласыз. Екіншіден, сұлы ботқасы алкогольден қиналған асқазанды тыныштандырады. Үшіншіден, сұлыда жасұнық көп, ол ағзаға кеше ішкен және жеген нәрселеріңізді шығаруға көмектеседі. Ішіңізде токсиндер қаншалықты аз қалса, сіздің жағдайыңыз да соншалықты жақсы бола түседі.

2. Жұмыртқа

Мастықтың салдарын жеңілдету үшін таңғы асқа суға жұмыртқа пісіріп немесе жұмыртқадан омлет жасап жеген дұрыс. Жұмыртқа – ақуыз көзі: ол алкоголь қалдығын шығаруға көмектеседі.

3. Тауық сорпасы

Тауық сорпасы – жеңіл әрі өте пайдалы тағам. Сондай-ақ тұзы мен дәмдеуіштері дұрыс қосылған сорпа ағзадағы электролитті тепе-теңдікті қалпына келтіруге көмектеседі.

4. Банан

Банан да мастық салдарын жеңілдетуге көмектеседі. Бананда калий көп, ол жеңіл сіңеді және жылдам тойдырады. Сондықтан ол күшіңізді қалыпқа келтіруге арналған керемет жеміс. Бананнан бөлек авокадо жеуге немесе бір стақан апельсин шырынын ішуге болады.

5. Құрамында суы көп өнімдер

Алкоголь ағзаны сусыздандырады. Сол үшін құрамында суы көп өнімдерді жеу керек. Әрине, сондай-ақ суды көп ішу қажет.

Оқи отырыңыз: Күн сайын сыра ішсеңіз не болады?

А. Жапатова