Қостанайда балалар үйінің қызметкері демеуші сыйға тартқан шыршаны үйіне алып кеткен

Қостанайда балалар үйінің қызметкері демеуші сыйға тартқан шыршаны үйіне алып кеткен
Фото: tobolinfo.kz

Қостанайда кәсіпкер "Қостанай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы" КММ-ге сыйлықтар мен жаңа жылдық үш шырша сыйлаған. Кейінірек ол мекемеде мүлдем басқа ағаштар қойылғанын және өзі сыйға тартқан шыршалар жоғалып кеткенін біледі. Осылайша, ол полицияға жүгінуге мәжбүр болыпты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ТоболИнфо" басылымына сілтеме жасап. 

Жеке кәсіпкер Ксения Голомидова Қостана мен Рудныйдағы балалар үйлеріне бірнеше жылдан бері демеушілік көмек көрсетіп келеді. Бұл жолы да солай жасаған. Ол мекемеге жалпы құны 48 мың теңге болатын үш үлкен тірі шырша сыйлады. Бірақ ол есеп ретінде суретті сұрағанда, оған орталық қызметкерлері мүлдем басқа ағаштардың суреттерін жіберген.

"Балаларға үш үлкен, жасыл шырша әкелдім. Ол 22 желтоқсан болды. Арнайы екі метрден асатын қымбатын сатып алдым. Сурет жіберуін сұрағанда, олар басқа ағаштардың суретін жіберді. Олар әлдеқайда кіші әрі сарғайып кеткен. Мен бұл мәселені көтере бастағанда, ештеңе түсіндіре алмады", - деді кәсіпкер.

Балалар үйінің қызметкерлері қонақтарға демеуші "әкелген" үш шыршаны көрсеткен. Бірақ кәсіпкер де, шыршаны сатушы да мұнымен келіспейді.

"Бұл менің тауарым емес. Мен шыршаларды дайындап жатқанда, Ресейге арнайы барып, әр ағашты таңдап аламын, оларды кескен кезде басқалармен араласпауы үшін бояумен белгілеймін", - деп түсіндірді сатушы.

"Мен ештеңе айта алмаймын. Бұл жағдайды анықтаймыз", - деді "Қостанай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығы" КММ директорының орынбасары Динара Әлмұхамбетова.

Ксения полицияға жүгінуге мәжбүр болды. Нәтижесінде балалар үйінің қызметкерлерінің бірі демеушілер әкелген шыршаны үйіне алып кеткенін мойындады. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қалған екі ағаш орында тұр. Бірақ Ксения бұған келіспейді. Енді бұл істі полиция қарайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова