Ақтөбеде пойыздан түсірілген шетелдік 10 жылға сотталды

Ақтөбеде пойыздан түсірілген шетелдік 10 жылға сотталды
Фото: Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі

2023 жылғы маусым айында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ақтөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Өзбекстанның 25 жастағы азаматын анықтап, ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап.

Одан тінту кезінде жалпы салмағы 4,88 грамм "мефедрон" есірткі заты салынған 11 бумасы табылып, тәркіленді.

"Көлік полицейлері оның "курьер-закладчик" болып жұмыс істегенін, Telegram-чаттағы топ басшысынан есірткі заттары жасырылған жердің координаттарын алып, оларды әрі қарай Ақтөбе бойынша таратып жүргенін анықтады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-бабы ("Аса ірі мөлшерде есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз сақтау, тасымалдау") бойынша жүргізілді", - делінген хабарламада.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан